Вернуться к списку статей

Талгаев – “Тараздың” бас бапкері

Футбол
1K
Ваит Талгаев «Тараз» клубына бас бапкер болып бекітілді. Фото: fctaraz.kz
Қазақстан футболының көрнекті тұлғасы, көпшілікке кеңінен танымал Ваит Талгаев бүгін «Тараз» футбол клубының бас бапкері болып бекітілді.

Бүгін «Тараз» футбол клубының президенті Махамбет Дүйсембаев әйгілі жерлестерін жаңа ұжымымен таныстырған. Енді Ваит Талгаев Қазақстан чемпионатының Бірінші лигасында еңбек ететін болады. Мұны біз «Тараздың» премьер-лигаға міндетті түрде биыл оралуды көксеп отырған шешімі деп түсінеміз.  

Ваит Талгаев 1953 жылы Жамбыл жерінде дүниеге келген. Ұлты – шешен. Кеңес Одағына еңбек сіңірген спорт шебері. Қазақстанның ең үздік бапкерлерінің бірі. Футболшы ретінде КСРО чемпионатының жоғарғы дивизионында ойнап, Алматының «Қайратының» намысын қорғаған.

1990 жылы жаттықтырушылық карьерасын бастап, «Химик», «Фосфор», Тараз», «Ертіс», «Қайсар», «Синтез», «Атырау», «Жетісу» сынды Қазақстан клубтарын жаттықтырған. 2000 жылы ұлттық құрамамыздың да бас бапкері болды.

Сондай-ақ, әр жылдары Грозныйдың «Эрзу» және«Терек» командаларын жаттықтырды. 2004 жылы «Терекпен» Ресей кубогын жеңіп алған. Дәл сол жылы Ресейдің Бірінші лигасында топ жарды.

Талгаев білікті жаттықтырушы ретінде, Қазақстан чемпионатында да ерен жетістіктерге қол жеткізді. 1996 жылы «Таразбен» Қазақстан чемпионы болды. 1995 және 1997 жылдары күміс жүлдегер атанды. 2001 және 2002 жылдары «Атыраумен» екі рет ел чемпионатының күміс жүлдесіне қол жеткізді.

Ваит Талгаевтың есімі «Тараз» футбол жанкүйерлеріне де жақсы таныс. Бапкерлік қызметін «Химик» және «Фосфор» сапында бастаған. 1996-97 жылдары «Таразды» өрге сүйреді. 2010 жылдың аяғында қайтып келіп, 2011 жылғы маусымда да «Таразды» жаттықтырды. Енді, міне тағы да туған жеріне оралып отыр...

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика