Бүгін кешке Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты ұлттық құраманың бас бапкері Александр Бородюктен сұхбат алып жариялады. Ресей маманы осы сұхбатта енді футболшыларымызды ақпан айында жинап, Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізуді жоспарлап отырғандарын мәлімдеген.
2018 жылы 24 қаңтар күні Ұлттар лигасының жеребесі тартылып, қарсыластары белгілі болады. Осыған орай, ұлттық құрама ақпан айында оқу-жаттығу жиынын өткізуді жоспарлап отырған көрінеді. Сонымен қатар, наурыз және маусым айларында да жаттығу жиындарын жүргізуді жоспарға енгізіліпті. Әрі екі жолдастық кездесу ұйымдастыру да қарастырылып отырған сыңайлы.
Жалпы, Александр Бородюктің айтуынша, 2018 жылғы 6 қыркүйекке дейін, яғни Ұлттар лигасы додасы басталғанша, Қазақстан ұлттық құрамасы 4 (төрт) жолдастық кездесу өткізуді көздеп отырған көрінеді. Өте дұрыс. Тек біздің құрама тағы да Талғарда «есікті тарс жауып алып», жас футболшыларымызбен ойнай салады деп ойламаймыз...