Талғарда өткен оқу-жаттығу жиынының барысында Бородюктің командасы алдымен қарашаның 9-ы күні жастарымызды 4:1 есебімен тізерлетіпті. Одан кейін 11 қарашада 3:0 есебімен жеңген екен. Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты осылай деп жазды. Сондай-ақ, ҚФФ сайты алаңға кімдердің шықанын және қай футболшылардың да гол соққанын атап өткен. Бірақ, ойынды өз көзімен көрген ешкім жоқ-ау, шамасы. Журналистер де, жанкүйерлер де аталмыш матчтардың қалай өрбігендіктерінен хабарсыз. «Қазспорт» телеарнасын айтпағанда Федерацияның «ютуб» арнасы да бұл кездесулерден трансляция жүргізген жоқ. Тіпті, еш жерден Талғардағы текетірестерден фоторепортаж да таба алмадық. Осындайда ойыңа еріксіз, «Ұлттық құрама мен жастар құрамасы расымен де жолдастық кездесу өткізді ме?» деген сұрақ келетіні жасырын емес. Әйтпесе, Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі тым болмаса бір сурет салуға жаритын еді ғой. Кім біледі, бәлкім, хаттамаларды өтірік толтырып, есепті де қолдан жаза салған шығар.
Мейлі, жолдастық кездесулер өтсе өткен де шығар. Бірақ, ақпаратқа соншалықты сараң болғанына қарағанда меніңше, бұл ойындар былай өткен сияқты.
Бас бапкер Александр Бородюк футболшыларды екіге бөліп тастады да, матчты толығымен өзі басқарып отырды. Төрешінің қызметін де өзі атқарып, футболшылар қателескен сайын немесе дұрыс емес пас берген кездердің барлығында ойынды тоқтатып қойып, футболшыларға қателіктерін айтып отырды. Футболшылар да ресми ойындардағыдай нөмірлі шорты-футболкамен емес, бір команда сары, екіншісі көк дегендей, келте жеңді жейдешелермен (манишка) ойнады. Тіпті, кейбірі шорты орнына жаттығу шалбарлармен де алаңға шығып кеткен де болулары керек.
Бұл біздің долбарымыз ғана. Дегенмен, Ұлттық құрама мен жастар құрамасының арасындағы Талғардағы жолдастық ойындар шынымен де осылай өткен болса таңғалмаймыз. Алайда, тағы қайталайық, бұл тек біздің фантазиямыз. Осылай деп ой қорытуға себеп қылған Қазақстан футбол федерациясының өзі. Сондықтан, ;анкүйерлердің де ойы менікіндей сан-саққа жүгірмес үшін ҚФФ-дан осы жиын жайлы толыққанды жауап күтеміз.