Вернуться к списку статей

“Ертіс” – Эррера Әзірбайжанға кетіп, Дарабаев “Қайраттан” келді

Футбол
1K
Биыл «Ертіс» футбол клубында ауыс-түйіс көп. Павлодар командасы әртүрлі жағдайларға байланысты өткен маусымда ерекше көзге түскен көптеген футболшыларын сақтап қала алмады.

Маусым аяқталысымен, Елдос Ахметов «Қайратқа» ауысса, Роман Мұртазаев «Астана» сапынан бір-ақ шықты. Дамир Дәуітов «Ақтөбенің» құрамын толықтырды. Қақпашы Антон Цирин «Қайсар» клубын нығайтып, Әлібек Аяғанов жақында «Оқжетпес» құрамына алынды.

Жалға алынған Виталий Ли «Қайратқа» қайта оралды. Алайда Алматы клубы сапында тұрақтамай, «Атыраудан» бір-ақ шығыпты. Бейресми деректерге сенсек, мұнайлы өлке командасымен бір жылға келісімшартқа отырған.

Болашағы зор жас қорғаушы Григорий Сартаков та «Ертіс» сапында қалмайтындай. Соңғы деректерге сүйенсек, «Тобылдың» жейдесін киіп қалуы да мүмкін...

Павлодар командасы сапынан кеткен легионерлердің ішінде алғашқылардың бірі болып Игнасио Эррера өзіне жаңа клуб тапты. 29 жастағы Чили футболшысы енді Әзірбайжанның «Нефтчи» клубының намысын қорғайтын болады. Келісімшарт мерзімі – бір жыл.

Ал Джиби Фалль, Томаш Йирсак, Георгас Фрейдгеймас, Самир Керла сынды легионерлерінің алдағы маусымда қай клубтардың сапында ойқастайтындары әлі белгісіз.

«Ертіс» әзірше Руслан Есімов, Пиралы Алиев, Казбек Гетериев сынды футболшылармен 2017 жылдың, ал қақпашы Давид Лориямен 2018 жылдың аяғына дейін келісімшарт мерзімдерін ұзартты.

Сонымен қатар Аслан Дарабаев («Қайрат»), Александр Кислицын («Оқжетпес») сынды футболшылармен құрамын толықтырып, Илья Калинин («Жетісу»), Никита Калмыков («Қызыл-Жар»), Илья Воротников(«Тараз») секілді ойыншылармен екі жылға келісімшартқа отырды.

«Ертіс» 9 қаңтар күні 2017 жылғы бірінші оқу-жаттығу жиынын бастайды. Түріктің Белек қаласында 22 қаңтарға дейін алдағы маусымға дайындалып, біраз ойыншыларды сынақтан өткізуі керек. Команданы Болгария бапкері Димитар Димитров жаттықтыруы керек. Өйткені оның келісімшартының мерзімі әлі бір жылға жарамды.

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика