«Астана» алаңға ығай мен сығайларының бәрін шығарды. Осыдан екі күн бұрын Израильде көп жүктеме түсірмеген футболшыларына, яғни Мұжықов, Аничич, Граховац, Муртазаев төртеуіне шаршау дегенді білмейтін Твумаси, Шомко, Маевский үшеуі қосылды. Шабуыл өтінде – Кабананга, ал қақпада – Нетанияда көпшілікті сүйсіндірген Эрич. Бұларға қорғаныс шебіндегі Шитов пен Постников қосылды.
Алаң иелері ысқырық шалынған бетте атойлап алға шапты. Содан үздіксіз шабуылдаумен болды. Қонақтарын қыспаққа алып, соққыны жаудырды. Бірақ бірінші таймда гол соға алмай, діңкелері құрыды. «Астананың» алаңдағы ойыншыларының барлығы дерлік «Ақжайықтың» қақпасын нысанаға алып көрді.
Бірақ Станимир Стойловтың шәкірттері теңбіл допты қақпа ішіне енгізе алмай, қара терге түсті. Бір Кабананганың өзінің тамаша 2-3 мүмкіндігі болды. Бірақ гол соғудың сәті түспеді. «Ақжайық» айылын жимай, табан тіресе қарсыласты. Өздері бір-екі рет қана Эричтің қақпасына жақын барып қайтты. Қалған уақытта «Астананың» құйындай орап соққан шабуылдарын тойтарумен болды.
Екінші таймда да «Астана» тайлы-таяғымен алға қарай лап қойды. Қарқынын үдетті, шабуылды жиілетті. 51-минутта «Ақжайықтың» қорғаушылары Кабанангаға ие бола алмай қалды. Муртазаев оған допты дер кезінде бере қойып еді, Конго ДР шабуылшысы екпін алып алды да, қонақтардың қорғаушыларынан сытылып кетті. Әрі допты сол аяғымен шыр айналдыра теуіп, қақпашы Котлярды да қапы қалдырды. Гол!
Осыдан кейін Орал клубының бас бапкері Вахил Масудов орталық қорғаушысы Майкл Одибені алмастырып, оның орнына Мирам Сапановты шығарды. Топсасы берік қорғаушысын шаршатып алмай, алдағы маңызды ойынға, яғни «Мақтаарал» командасымен өтетін «Өтпелі матчқа» сақтағысы келген сияқты.
Жалпы, бірінші голдан кейін, ойын біршама саябырсып қалды. «Астана» енді гол жіберіп алмауды көп ойлады. Дегенмен, тағы бір гол соғып алуды теріс көрмейтіндерін сездірді. Ал «Ақжайық» алаң иелерінің қорғанысын бұзып өте алмай, Эричтің қақпасына қауіп төндіре алмай қойды. Әйтсе де, доп алаң ортасына қарай ойысты.
Ойынның негізгі уақытына қосылған өосымша минуттар түгесілуге айналғанда, «Астана» сол қанатпен шабуыл ұйымдастырып, Марин Томасов допты көлбеулете теуіп, Кабанангаға бере қойды. Қақпа алдында жалғыз тұрған Джуниор бұл мүмкіндікті мүлт жіберген жоқ. Тағы бір гол соғып, аалңдап отырған елорда клубының жанкүйерлерін қуанышқа бөледі.
«Астана» – «Ақжайық» – 2:0 (0:0)
Голдар: Кабананга, 51. Кабананга, 90+4.
Ескерту: Шитов, 61.
«Астана»: Эрич (к), Шомко, Аничич, Постников, Шитов, Граховац (Бейсебеков, 70), Маевский (Логвиненко, 79), Мұжықов, Муртазаев (Томасов, 71), Твумаси, Кабананга.
Қосалқы құрам: Мокин, Деспотович, Прокопенко, Тағыберген, Шайыхов, Малый.
«Ақжайық»: Котляр, Ерсәлімов, Николич, Одибе (Сапанов, 54), Зұлпықаров (Тапалов, 90), Говедарица (к), Главина (Аяғанов, 69), Шабаев, Коронель, Заречный, Дурович.
Қосалқы құрам: Төлебаев, Аренас, Дудченко, Антипов, Перцух, Шмидт.
Төрешілер: Кучин (Қарағанды), Бейжанов, Виноградов (екеуі де – Петропавл)
05 қараша, 2017. Астана, «Астана Арена». 7000 көрермен.