Вернуться к списку статей

Бақтияр БАЙСЕЙІТОВ – "Ордабасыда" бәрін азғырып жүрген үш-төрт ойыншы бар

Футбол
1K
Бақтияр БАЙСЕЙІТОВ –
«Ордабасы» футболшыларының жалақы алмай жүргеніне төрт ай болды. Кеше ойыншылар кешкі жаттығуға шығудан бас тартып, өз араларында кішігірім бойкот жариялапты.

Мәселенің мән-жайын білу үшін клуб президенті Бақтияр Байсейітовке хабарласқан едік.

– Еш уайымдамаңыздар, бізде бәрі жақсы. Аздап түсініспеушілік болды. Бірақ, 5 қазан күні өтетін «Оқжетпеске» қарсы ойынға футболшылардың барлығы алаңға шығады. «Қазспорт» телеарнасы тікелей эфирден көрсетеді, - деді бірден біздің журналист екенімізді білген Бақтияр Даниярұлы.

– Десек те, футболшылардың жалақы ала алмай жүргені рас па?

– Аздап кешіктіріліп жатқаны рас. Бірақ, бүлік шығаратындай нәрсе емес. Сіздер де мәселені білмей жаза бересіздер. Алдымен өзімнен сұрасаңыздаршы.

– Сол үшін сізге хабарласып тұрмыз ғой. Ашып айтып берсеңізші.

– Жалақының аздап кешіктіріліп жатқаны рас дедім ғой. Бірақ, даурығатындай ешнәрсе болған жоқ. Бәрі дұрыс. Тек «Ордабасыда» шыдамсыз 3-4 ойыншы бар. Бәленің бәрін бастап, өзгелерді де бізге айдап салып, азғырып отырған солар. Солар төртеудің кесірінен сөз бүкіл командаға тиіп жатыр. Әйтпесе, басқа командаларда да айлық кешіктіріліп жатыр. Олар үндемей-ақ жүр емес пе?! Үйдегі нәрсені сыртқа шығармай, өз арамызда шешіп тастауға да болар еді ғой.

– Кім сол төртеуі?

– Аттарын атамай-ақ қояйын. Мен ондай адам емеспін. Тек кімнің кім екенін енді біліп жүремін. Бірақ маған Кирилл Ковальчук пен Пабло Фонтанеллоның сөздері ұнады. Сұхбаттарын оқыған шығарсыздар, «Бақтияр Даниярычқа толық сенеміз» деп отыр. Міне, кәсіпқой футболшы деген осындай болулары тиіс.

– "Ордабасы" – бюджеті ең жоғары командалардың бірі еді. Ақшаны қалай тауысып қойып жүрсіздер?

– Біз чемпионат аяқталмай жатып үшінші орын алып қойдық. Сіздерге басқа не керек? Неге жақсы жағын да жазбайсыздар? Әу баста бәрі жеткілікті болды. Соңында осылай болады деп ойлаған жоқпыз. Өздеріңіз көрдіңіздер, жақсы легионерлер алдық. Олар біздің үздік үштікке кіруімізге көмектесті. Бірақ, ешнәрсе де тегін келмейді. Сондықтан, осындай жағдай болып қалды. Бәрі қайта қалпына келеді.

– Сонымен футболшылар жалақыларын 30 қарашаға дейін толық ала ма?

– Иә, уәде берем.

Естеріңізге сала кетейік, ғаламтор беттерінде «Ордабасы» футболшыларының төрт айдан бері жалақы алмай келгені туралы жазылып жүр. Бұл туралы футболшылары да айтып жатыр. Команда кешегі кешкі жаттығуға қатысудан бас тартып, бойкот жариялапты. Соңынан жиналыс жасалып, Бақтияр Байсейітов 30 қарашаға дейін қаржы жағын шешіп беруге уәде берген екен. Алайда, бұған дейін 2 қараша соңғы мерзім екендігін айтып, сөзінде тұрмаған басшыға футболшылардың ешқайсысы сенбей отырған көрінеді. Енді команда 5 қараша күні өтетін «Оқжетпеске» қарсы матчқа қатысудан толық бас тартып, жоспар бойынша ойын соңында ұйымдастырылуы тиіс қола жүлдемен марапаттау рәсіміне де бойкот жариялапты.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика