Жасөспірімдер арасындағы ІІІ Олимпиада ойындары 2018 жылғы 6-18 қазан аралығында Аргентинада өтеді. Оның бағдарламасына тұңғыш рет футзалдан бозбалалар мен бойжеткендер (U-18) арасындағы доп додасы енгізіліп отыр. Буэнос-Айрестегі финалдық турнирде 10 команда бақ сынайтын болады.
Еуропа осы жасөспірімдер арасындағы ІІІ Олимпиада ойындарына екі құрамадан төрт команда жібере алады (Яғни бозбалалар арасында – екі, бойжеткендер арасында – екі құрама). УЕФА туы астындағы іріктеу турниріне ержеткендер арасында 16 құрама, ал қыздар арасында 8 команда додаға түседі.
Осы ретте айта кетуге тиіспіз, Қазақстан бозбалалары мен бойжеткендері (U-18) жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындары жолдамасын сарапқа салу құқығына футзалдан еліміздің ұлттық құрамасы арқасында қол жеткізіп отыр. Футзалшы жігіттеріміз бүкіләлемдік рейтингте алғашқы ондыққа орналасқан...
Қыздар арасындағы іріктеу додасы 1-4 қараша күндері Испанияда өтеді. Бүған біздің елден Қазақстан-U17 құрамасы қатысады. Еділхан Рабаев жаттықтыратын қыздарымыз «В» електік тобына түсіпті. Қарсыластары – Испания, Ресей және Румыния бойжеткендері.
Ойындар күнтізбесі:
1 қараша
Ресей – Румыния
Испания – Қазақстан
2 қараша
Қазақстан – Ресей
Испания – Румыния
3 қараша
Демалыс күні
4 қараша
Румыния – Қазақстан
Ресей – Испания
Қазақстан-U17 құрамасының сапы:
қақпашылар – Назым Исмаилова, Ангелина Портнова;
алаңдағы ойыншылар – Әсемгүл Аруова, Арайлым Орынбасарова, Гүлмира Тәшмет, Гүлім Қайырнас, Айдана Серікбай, Алина Шалмухамбетова, Анастасия Низамтудинова, Александра Бурова.
Бас бапкер – Еділхан Рабаев.