Вернуться к списку статей

Үш-ақ мүмкіндігіміз қалды – Сергей Попков

Футбол
1K
24 ұпаймен соңғы орында тұрған «Оқжетпес» ертең Қазақстан премьер-лигасының көшбасшысы, азуы алты қарыс «Астанмен» кездеседі...

Ертең ХХІV турдың кейінге шегерілген ойыны өтіп, «Астана» өз алаңында көш соңындағы «Оқжетпесті» қабылдайды. Бұл екі команда үшін де – өте маңызды ойын. Өткен жексенбіде, Шымкентте жеңілген «Астанаға» енді сүріну – өте қауіпті. Өкшесін басқан «Қайратпен» арадағы ұпай айырмасы мейілінше қысқара түсті.

Ал «Оқжетпес» соңғы орында тұр. Ертең ұтылса, жағдайы тым қиындай түседі. Премьер-лигадағы орнынан айырылып қауіпі арта түседі. Осыған орай, біз Көкше клубының бапкерлерін тілге тартқан едік. Жағдайы қыл үстінде тұрған команданың сұхбат беруге зауқы жоқ екендігі, айтпаса да түсінкіті болар.

Әйтсе де, команданың баспасөз қызметі арқылы қазан айының басында ғана команда тізгінін қолдарына алған екі бапкердің бірімен хабарласа алдық. Аз ғана сауалдарымызға Сергей Попков қысқа да, нұсқа жауап берді.

Сергей Николаевич, ертеңгі ойын сіздер үшін өте маңызды матч болып санала ма? Тіпті соңғы мүмкіндік деуге бола ма, әлде бәрі де кеш пе?

– Бұл ойын біз үшін – өте маңызды. Бірақ соңғы мүмкіндік емес. Бізде қазір әрбір ойын – соңғы мүмкіндікке пара-пар. Яғни, біздің алдымызда үш суперфинал тұр.

«Астананы» жеңуге болады деп ойлайсыз ба? Бұл мүмкін бе?

– Әртүрлі деңгейдегі командалар екенімізді бәрі жақсы біледі. Оның үстіне, дәл қазіргі жағдайдың бәрі де бізге қолайсыз болып тұр. Олардың бір топ ойыншысы Шымкентке, «Ордабасымен» өткен ойынға барған жоқ. Ертеңгі матчқа, бізге қарсы дайындалып жатыр. Ал, біз керісінше, өзекті өртер жеңіліске ұшырадық. Әрі белді ойыншыларымыз қатардан шығып қалып жатыр. Әу бастан жағдайымыз қиын еді, енді мүлде тығырыққа тіреліп тұрмыз. Әрбір ойынды соңғы матч секілді ойнаймыз. Көреміз.

Ертеңгі ойында Орал қаласының төрешісі Болат Сариев бас қазы болады. Бұған не дейсіз, «Ақжайық» та қауіпті аймақта ғой...

– Айтарым жоқ...

Сіздерде, команда құрамының селдіреп қалғанын білеміз. Стаменкович қатардан шығып қалған. Федин де жарақатанып қалыпты. Марочкинге не болды?

– Александр Марочкин де маусымның аяғына дейін қатардан шығып қалды. Максим Федин біздің дәрігеріміздің ұсынымымен Көкшетауда ем қабылдап жатыр. Ол келесі ойында қатарға қосылып, спорттық бабына келеді деп үміттенемін.

Уақытыңызды бөлгеніңізге рахмет. Жоспарларыңыз жүзеге ассын.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика