Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасының ресми сайтында былай деп түсініктеме берілген:
«Каспий» футбол клубы ішкі ұйымдастырушылық жағдайларға байланысты Бірінші лига клубтары арасындағы біріншіліктің 27-туры аясындағы «Қайрат А» – «Каспий» кездесуіне қатысу үшін Алматыға бара алмайтыны туралы Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасының әкімшілігіне ескертті. Бұл матч туралы шешімді Қазақстан футбол федерациясының Тәртіптік-бақылау комитеті қабылдайды».
Ресми мәлімдеме осындай. Жалпы, Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасы Тәртіртіп регламентінің 90 бабына сүйенсек, мұндай жағдайда ойыннан бас тартқан командаға техникалық жеңіліс жазылып, 600 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Сондай-ақ, кінәлі тарап қарсыласының осы ойынға байланысты барлық шығынын өтеуі тиіс. Ал егер осы жағдай екінші рет қайталанған жағдайда клуб біріншіліктен шығарылады.
Маңғыстаулықтардың маусымның соңғы матчынан неге бас тартқаны туралы алдағы уақытта «Каспий» клубының әкімшілігінен бөлек білуге тырысамыз. Әзірге өз долбарымызды айтып көрсек.
Ол үшін алдымен турнир кестесіне көз жүгіртейік. Біріншіліктің соңғы турының алдында «Каспий» 15 ұпаймен 9 команданың ішінде турнир кестесінің 8-ші орнында тұр. Жетінші сатыдағы Қыранда 26 ұпай, соңғы орындағы «Екібастұзда» небәрі 9 ұпай. Байқап отырғандарыңыздай, соңғы турдың қалай аяқталатынына қарамастан батыстықтар сол орнынан жылжымайды. Оның үстіне, аутсайдер саналатын ақтаулықтардың маусымның басты фавориттерінің бірі «Қайрат» футбол клубының академиясынан түзде үш ұпай алады дегенге сенім жоқ. Ендеше, сол үшін Алматыға барып әуреге түсудің қаншалықты қажеті бар?
Рас, 600 мың теңге айыппұл төлеуге мәжбүр. Бірақ, Алматыға барудан бас тарту арқылы Ақтаудың клубы одан да үлкен шығындардың алдын алды. Мәселен, жол ақысы. Әдетте, клубтар түздегі ойынға футболшылары бар, бапкерлер алқасы мен әкімшілігі бар, кем дегенде 25 адам жібереді. Ал Ақтаудан Алматыға дейінгі пойыз билеттерінің бағасы – 11 377 теңге. Плацкартпен бармайтын шығар деген оймен купенің бағасын айтып отырмыз. Ал ұшақ билеті тіптен қымбат. Енді есептейік. Ары-бері жолының өзіне 568 850 теңге кетеді екен. Енді қонақүйдің шығынын шығарайық. Орта есеппен екі адамдық 15 мыңның бөлмелеріне тапсырыс берді дейік. Команда Алматыда кемінде екі күн тұрақтайтынын ескерсек, қонақүйге кететін шығынның өзі 390 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ, тамақ, ары-бері жүріс сынды басқа да шығындарды ұмытпаңыз. Сонда «Каспийдің» Алматыға сапарына орта есеппен бір миллион теңге қажет болар еді.
Міне, «Каспий» соңғы турдан 400 мыңға жуық теңге үнемдепті. Бәлкім, маңғыстаулықтардың маусымның соңғы матчынан бас тартуының басты себебі осында жатқан шығар.