«Қайсар» (Қызылорда) – Атырау 4:1 (0:1)
Голдар: Максимович, 45+1 (0:1). Байжанов, 54 (1:1). Аржанов, 62 (2:1). Курьор, 86 (3:1). Курьор, 90 (4:1).
Ескертулер: Қайраллиев 64, Граф 83.
«Қайсар»: Григоренко, Аржанов, Граф, Камара (Нәрзілдаев 40), Курьор, Ламанж, Әмірсейітов, Байжанов (к), Чуреев (Евстигнеев 78), Жаңғылышбай (Алтынбеков 81), Коробкин.
Резерв: Исламқұлов, Жахаев, Бойович, Джа Джедже, Мулдаров, Сахалбаев.
«Атырау»: Нәрзіқұлов, Джокич, Лобжанидзе, Сикимич (Қалмұратов 60), Саломов, Аблитаров, Максимович, Әбдірахманов, Хайруллин (к) (Қайраллиев 46), Чичулин, Сергиенко (Жагоров 56).
Резерв: Пасеченко, Мәжитов, Эсатов, Коробов, Маров, Тәжімбетов.
Төрешілер: Александр Гаузер, Денис Виноградов, Рустам Бейжанов (бәрі де – Петропавл).
Қызылорда қаласы, Ғани Мұратбаев стадионының қосалқы алаңы. 2000 көрермен.
Бұл «Қайсардың» биылдыққа өз алаңындағы соңғы ойыны болатын. Сондықтан, жанкүйерлерін қалайда қуантқысы келді. Бірақ, бір жағынан соңғы кездері Сыр өңірінен неше түрлі әңгіме жетіп жатыр. Алдымен «Қайсардың» директоры ауысады екен деген сыбыс жетті. Одан кейін бас бапкері Стойчо Младеновтің Грекиядан 120 мың евроға үй сатып алғаны туралы жазылды. Әлбетте, мұның барлығы команданың ішкі жағдайына әсер етуі мүмкін екендігі де айтылды. Қанша дегенмен, халық әртүрлі. «Қазақтың ақшасы Грекияға кетіп жатыр» дейтіндер де жетерлік қой. Іші тарларға себеп табылса болғаны. «Алса, не болыпты? Младеновтің «Қайсарсыз-ақ» жетіп жатыр ғой. Еңбекпен тапқан ақшасын қайда жұмсаса да өз еркі» дейтіндер де бар. Бәрі солай десе жақсы ғой. Дегенмен, қызылордалықтардың қазіргі жағдайы жанкүйерлерін қуантып тұр. Егер соңғы екі кездесуінде жеңіске жетіп жатса, келесі маусымда Еуропа лигасында ойнауға да мүмкіндіктері бар.
«Атырауға» қарсы ойынды алаң иелері жақсы бастады. Стойчо Младенов шәкірттерінің толассыз шабуылынан көз ашпаған қонақтар қорғаныстан шыға алмай да қалды. Тек 20 минуттан кейін ғана Қуаныш Қабдулов шәкірттері ақырындап алаңға бой үйрете бастады да, алғашқы соққысын жасады. Бұл Александр Григоренкоға еш қауіп тудырған жоқ. «Қайсар» тізгінді қайта қолына алып, қонақтарды тықсырта берді. Матиас Курьор сол жақтан әрекеттенсе, Владимир Аржанов сол қапталдан атойлады. Алғы шепте Тоқтар Жаңғылышбай сараңдық танытпағанда орта шептен ентелей енген Мақсат Байжановтың есеп ашуға мүмкіндігі болған еді. Осылайша бірінші тайм соңына тақап қалды. Диктордың бір минут қосылғанын хабарлағаны сол еді, «Атыраудың» серб легионері Новица Максимович алыстан қақпаға допты лақтыра салды. Алдындағы қорғаушылардан көрмей қалды ма, әлде Новицадан мұндай соққы күтпеді ме, Александр Григоренко кеш құлап, ақырын, «мың ойлана» ұшқан допты қолтығының астынан өткізіп алды. Есеп – 0:1.
Үзіліс кезінде бас бапкерінен біраз сөз естіді ғой деймін, «Қайсар» ойыншылар екінші таймда қателікке бой алдырған жоқ. Алдымен Аржановтың пасынан кейін Мақсат Байжанов ашық қалған қақпаға допты бағыттай салса, арада 10 минут өтпей жатып, украиналықтың өзі гол соғып, алаң иелерін алға шығарды. Алайда, қызылордалықтар екі голға қанағат қылған жоқ. Аздап демалып алып, матч соңына қарай қарқындарын қайта үдетті. Нәтижесінде Матиас Курьор дубль жасап, есепті 4:1-ге жеткізді.
Енді «Қайсар» қалған екі ойынын түзде өткізеді. Алдымен Оралға, содан кейін Таразға қонаққа барады. Ал «Атырау» келесі турда «Таразды» қабылдаса, маусымды Қостанайда қорытындылайды.