Вернуться к списку статей

Премьер-лиганың келесі маусымына «Мақтаарал» қатысуы мүмкін

Футбол
1K
Премьер-лиганың келесі маусымына «Мақтаарал» қатысуы мүмкін
Кеше Қазақстан Бірінші лигасының аясында 24-ші турдың төрт ойыны өтіп, турнир кестесінің төртінші сатысына «Мақтаарал» көтерілді. Бұл дегеніміз, жетісайлықтар Премьер-лиганың бір жолдамасынан үмітті деген сөз.

Бірінші лига елеусіз қалды. Ел кубогының финалымен әбігерге түскен Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасының бұл біріншілікке қарауға шамасы жоқ та сияқты. Бәрі де Ақтөбеге кетіп қалып, «Қайрат» – «Атырау» кездесуінің әуресімен жүр ме, әйтеуір, Бірінші лиганың кешегі туры туралы мәліметтер ҚКФЛ сайтына да шыққан жоқ.

Жарайды, өзіміз жалғастырайық. Жоғарыда айтылған «Мақтаарал» кеше түзде «Екібастұзды» 5:1 есебімен ойсырата жеңді. Бірінші тайм 1:1 есебімен тең аяқталғанымен үзілістен кейін жетісайлықтар күш алып, алаң иелерінің қақпасына тағы төрт доп тоғытты. Осылайша, Оңтүстік Қазақстан облысының командасы турнир кестесінде 4-орынға көтерілді. Алда үш тур қалды. Келесі турда «Каспийді» қабылдайды. Одан кейін Теміртауда «Шахтер-Болатпен» ойнайды. Ал маусымның соңғы турында «Қыранға» қарсы Шымкент дербиін өткізеді. Егер осы ойындардың қорытындысы бойынша 4-орынды сақтап қалар болса, онда Премьер-лигаға берілер жолдамасы үшін електік кездесуге қатысады. Яғни, «Мақтааралда» Премьер-лигадан үміт бар. Дегенмен, Жетісай Премьер-лигаға дайын ба? Мейлі алаңын айтпай-ақ қоялық. Жетісай екі стадионымен мақтана алса да, екеуі де Премьер-лига талаптарына сәйкес келмейді. Ал клуб директоры Мейіржан Есенғараевтың айтуынша, келесі жылы Премьер-лигаға қатысу үшін команданың бюджеті қазіргіден 10-15 есе көп болуы керек екен.

Бұған дейін 4-орында тұрған Қызылорданың «Байқоңыры» кеше Талдықорғанда «Жетісудан» жеңіліп қалып, турнир кестесінде бір саты төмен сырғыды. Бірінші таймның аяқталуына бір минут қалғанда Рифат Нұрмұхаметтің әуелете асырған пасынан кейін Артем Касьянов баспен гол соғып, алаң иелеріне жеңіс сыйлады. Есеп – 1:0.

Өзге екі ойын голсыз аяқталды. Ақтауда «Каспий» мен «Қыран» бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алмаса, Петропавлда өткен «Қызыл-Жар» мен «Қайрат А» командалары арасындағы кездесуде де көрермендер гол көре алған жоқ,

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика