Вернуться к списку статей

Вахид МАСУДОВ – Ел кубогының финалын қарашадан қазанға ауыстырғаннан ештеңе өзгерген жоқ

Футбол
1K
Вахид МАСУДОВ – Ел кубогының финалын қарашадан қыркүйекке ауыстырғаннан ештеңе өзгерген жоқ
Ертең футболдан Ел кубогының финалы. Ақтөбенің Қобыланды батыр атындағы стадионында Алматының «Қайраты» мен «Атырау» кездеседі. Командалардың әлеуеті мен мүмкіндіктері туралы матч алдында «Ақжайықтың» бас бапкері Вахид Масудовпен сөйлескен едік.

Бүгінде Оралдың «Ақжайығын» жаттықтыратын Вахид Масудов 1992 жылы Ел кубогын ойыншы ретінде «Қайратпен» жеңіп алған болса, 2009 жылы бас бапкер ретінде Қазақстан кубогын «Атырауға» әперді.

– Өзіме 2009 жылғы командам ұнайтын. «Атырауға» біз біраз мықтыларды тарта алдық, - деп бастады сұхбатымызды Вахид Юнузович. – Бауыржан Жолшиев бізде ойнады. Пірәлі Әлиев, Алексей Шакин, Абзал Жұмабаев, Александр Киров, Вадим Боровский, Валентин Чуреев сынды жігіттердің жасындай жанып тұрған кезі еді. Евгений Коструб жақсы капитан бола білді. Алғы шепте Роман Узденов сенімді ақтады. Маусым ортасында Әлібек Бөлешев қосылды. Сөйтіп, чемпионатта да, кубокта да атой салдық. Ешкімге оңайлықпен есе жібермейтінбіз. Бір жыл бұрын чемпионатты 15-ші орында аяқтаған «Атырау» сол маусымда сатыға көтерілді.


– Ал сол жылғы финал есіңізде ме?

– Әлбетте, есімде. Елордамыздағы «Астана-Аренада» өтті. Стадион енді ғана салынған болатын. Бізге дейін мұнда финал өтпеген. Көрермен көп жиналды. Көбі «Шахтердің» жанкүйері. Ойын тізгіні біздің қолымызда болғанымен бір ғана гол соға алдық. Бірінші таймда Денис Зубко соққан гол командамызға жеңіс сыйлаған.

– Енді ертеңгі ойын туралы не ойлайсыз? Сіздің фаворитіңіз қай команда?

– Негізі, фаворит «Қайрат» қой. Бірақ, мұндай ойындарда бәрін футболшылардың психологиялық дайындығы шешеді ғой. Егер «Атырау» жақсы дайындалып шығар болса, алматылықтарды ұта алады деп ойлаймын. Ең бастысы, 90 минут шыдап, қорғаныста сауатты, шабуылда шапшаң ойнауы қажет қой.

– «Қайраттың» фаворит екенін айттыңыз. «Атырауда» титімдей болса да жеңіске жететін мүмкіндік бар ма?

– Бар ғой. Финал бір ғана ойыннан тұрады. Осы бір ойынға команданың психологиялық тұрғыда қалай, қаншалықты дайындалып шығатынына байланысты. «Атырау» да келесі жылы Еуропа лигасына қатысқысы келеді. Ел кубогы олар үшін соңғы мүмкіндік. Сондықтан, команда бар күшін салары сөзсіз.

– Бас бапкері ауысқалы «Атыраудың» ойыны жүре бастады. Қуаныш Қабдоловтың жұмысына қандай баға бересіз?

– Басқа команданың бапкерлеріне баға беру менің жұмысым емес. Алайда, расымен де Сергей Павловтың орнына Қуаныш Қабдолов келгелі бері «Атыраудың» ойынына жан кірді. Ең бастысы, жанарларында от пайда болды. Ақырындап турнир кестесінде жоғары көтеріліп келеді. Бұл жанкүйерлерін қуантпай қоймайды.


– «Қайраттың» бас бапкері Карлос Алос Ферердің айтуынша, биыл алматылықтар үшін ең ыңғайсыз қарсылас «Атырау» екен. Сіз мұнымен келісесіз бе?

– Расымен де солай болып тұр. Үш рет кездескен екен. Біреуінде «Атырау», біреуінде «Қайрат» жеңген. Тағы бір ойын тең аяқталыпты. Сондықтан, ертеңгі матч тартысты өтеді деп ойлап отырмын. Ауа-райы да футболшылар мен жанкүйерлерге қолайлы болып тұр.

– Ел кубогы финалының Алматы емес, Астана емес, Ақтөбеде өтуі екі команданың қайсысына қол болмақ?

– Анаған жақсы, мынаған жаман деп айта алмаймын. Неде болса, биыл Қазақстан кубогы финалының Ақтөбеде өткені дұрыс болды. Ақтөбеде көрермен көп жиналады деп отырмын. Алматы мен Атыраудан да біраз фанаттар келе жатқан сияқты. Ешкімнің де қолдаусыз қалмайтыны түсінікті.

– Бұрын Ел кубогының финалы чемпионаттың соңғы турынан кейін қараша айында өтетін еді. Биыл финалдың күнін қыркүйекке бекітті. Бұдан бірнәрсе өзгерді ме?

– Ешнәрсе өзгермеді. Дегенмен, Қазақстан кубогы қай команда үшін де қымбат қой. Қанша дегенмен, Еуропа лигасына берілер үш жолдаманың бірі кубок иегеріне бұйырады. Оның үстіне, кубокқа ұмтылған командалар қыркүйек болмасын, қараша болмасын, бәрібір ұтуға тырысады. Сондықтан, ертең «Атырау» да, «Қайрат» та жеңіс үшін барын салады деп ойлаймын. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика