Вернуться к списку статей

Александр БОРОДЮК – Бір апта күтіңіздер, жауап беремін

Футбол
1K
Александр БОРОДЮК – Бір апта күтіңіздер, жауап беремін
Армениямен болған кездесуден кейін Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Александр Бородюк бір апта сұрады. Жауабын айтады екен. Бір жылда жеті ойын өткізіп, бір ғана ұпайға қол жеткізген ресейлік маман не дер екен.

Ал «Астана-Аренада» өткен Қазақстан – Армения ұлттық құрамаларының ойыны туралы бас бапкер былай деді:

– Ойын өте қиын болды. Ұтуымыз да, ұтылып қалуымыз да ғажап емес еді. Неде болса, матчтан кейін жігіттерге жігерлігі үшін алғыс айттым. Кейбір сәттерде футболшылар мінсіз ойнап, комбинациялық шабуылдар ұйымдастыра білді. Бірақ, әлі де болса, атқарар жұмыстар аз емес, - деп бастады бас бапкер.

– Александр Гейнрихович, әртүрлі себептерге байланысты бүгінгі ойынға Бауыржан Исламхан, Серікжан Мужиков, Дмитрий Шомко, Гафуржан Сүйімбаев, Исламбек Қуат, Георгий Жуков сынды негізгі құрамның ойыншылары алаңға шыға алған жоқ. Генрих Мхитарян секілді әлемдік жұлдызы бар Армения құрамасына жартылай резервтік құраммен лайықты қарсылық көрсеттік деген пікірмен келісесіз бе?

– Бүгін алаңға шыққан ойыншылар бірінші ретте отан үшін айқасты. Әлбетте, ол ойыншылардың сапта болмағаны өкінішті. Қай-қайсының болса да, жоқтығы білініп тұрды. Дегенмен, баға жетпес ешкім жоқ. Кім-кімнің болса да орындарын басуға болады. Қанша жерден өз клубыңда көшбасшы болсаң да, ұлттық құрамаға шақыртылуға лайықты екендігіңді ойынымыңмен де, адамгершілік қасиетіңмен де дәлелдеуің керек. Бүгін Арменияға қарсы ойнаған жігіттердің барлығы да, әлгі аталғандардың орындарын толық баса алады. Оның үстіне, жастар арасында да алдағы уақытта ұлттық құрамадан орын ала алатын жігіттер бар. Жалпы, ұлттық құрамаға мінезді, отан үшін отқа түсетін жігіттер керек.

– Ойынды үш орталық қорғаушымен бастадық. Дегенмен, екінші таймда төрт қорғаушыға көшкенде ғана ойынымыз жүріп, есепті теңестірдік. Бәлкім, матч басынан-ақ осылай ойнағанымызда дұрыс болар ма еді?

– Иә, шынымен де солай ойнағанымыз дұрыс болар ма еді, кім білсін. Бірінші таймда да бізде гол соғатын тамаша мүмкіндіктер болды ғой. Бірнеше рет қақпашымен жеке-дара шықтық. Бұл жерде бәрі де голға байланысты. Өз мүмкіндіктерімізді голға айналдыра алғанда қазір мұндай әңгіме болмас еді. Дегенмен, рас үзіліс кезінде тактикамызды өзгерткен соң ғана ойынымыз жүріп, есепті теңестірдік.

– Ендеше неге ойынды бес қорғаушымен бастадыңыз?

– Өздеріңіз білесіздер ғой, орталық қорғаушыларымыз үшеу болғанымен ойын барысында футболшылардың орындары ауысып тұруы қажет еді. Қапталдағы қорғаушыларымыз өз міндеттерін дұрыс түсінбеді. Әйтпесе, бес қорғаушымен бастағанымызбен латеральдардың функциялары басқаша болатын.

– Есеп 1:1 кезінде бізде жеңісті жұлып алатын мүмкіндіктер болды. Хижниченко шабуылда жақсы ойнағанымен оған жақсы серіктес жетпей жатты. Неге Щеткинді шығармадыңыз?

– Біз тағы бір шабуылшыны ойынға қосуды жоспарлағанбыз. Алайда, матч соңына таман алаң ортасында әлсіздік танытып жаттық. Сондықтан, мұндай шешімді артық көрдік. Армения ұлттық құрамасы да қарымта шабуылдарды ұтымды пайдаланып жатты. Сол себепті алғы шепті емес, алаң ортасын күшейтуді дұрыс көріп, Аслан Дарабаевты алаңға шығардық. Әйтпесе, Щеткинді шығаруға дайын болғанмын. Бірақ, кімді алып тастарымызды білмедік. Алғы шепті күшейтеміз деп қорғанысымызды әлсіретіп алудан қорықтық.

– Қазақстан футбол федерациясы сізбен келісімшартқа отырғанда алдыңызға ұлттық құраманы жасарту тапсырмасын қойған. Сол тапсырманы орындай алдыңыз ба?

– Негізі, жастар құрамасының өз ойындар кестесі бар. Ол ұлттық құраманың ойындар кестесімен тұспа-тұс келіп жатыр. Сондықтан, біз жастар құрамасының жаттықтырушылармен ақылдасып, олардың жұмыстарына кедергі жасамай-ақ қояйық деп келістік. Өйткені, оларда өз тобында жоғары орындардан көрінетін жақсы мүмкіндік бар. Соны біле тұра, жастар құрамасындағы өзіме ұнатқан ойыншыларды алып қойғаным дұрыс болмас еді. Мәселен, ұлттық құраманың маған дейінгі бапкерлері жастар құрамасының негізгі ойыншыларын алып қойып, не анда жоқ, не мында жоқ болған кездер аз болмапты. Жастар құрамасының қазіргі жағдайы жақсы. Турнир кестесінде жоғары орындардан көріне алады. Одан гөрі, тым құрығанда солардың жетістіктеріне қуаныңыздар. Оның үстіне, бас командада қосалқы құрамда отырып, 5-10 минутқа алаңға шыққанша, жастар құрамасының сапында 90 минуттан ойнағандары артық. Әйтпесе, жастар арасында да әлеуеті зор 5-6 ойыншы бар. Егер өз клубтарында әрдайым негізгі құрамда ойнар болса, алдағы уақытта бас команданың басты ойыншыларына айнала алады.

– Іріктеу додасы аяқталды. Сіздің бастамаңызбен Қазақстан құрамасы бір-ақ ұпайға қол жеткізді. Атқарған жұмысыңызға көңіліңіз тола ма? Ұлттық құрамамыздың бас бапкері болуға лайықтымын деп есептейсіз бе?

– Бұл сұраққа жауап беруден бас тартамын.

– Ендеше келесі іріктеу додасына қандай жоспар қойып отырсыз?

– Жоспар, даму стратегиясы дегендерді мен емес, Қазақстан футбол федерациясы жасауы керек шығар. Ал бас бапкер соған байланысты жұмыс жүргізуі керек. Келесі аптада басшылықпен кездесеміз. Сол кезде бәрі белгілі болады. Бір апта күтіңіздерші, содан кейін жауап беремін.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика