Вернуться к списку статей

“Алтайдың” бас бапкері – Болгария маманы Илиан Илиев

Футбол
2K
«Алтай» футбол клубы бас бапкері – Болгария маманы Илиан Илиев. Фото: vk.com/fcaltaykz
«Алтай» футбол клубы әйгілі Болгария маманы Илиан Илиевпен келісімшартқа отырыпты. Бұл ақпаратты Шығыс Қазақстан облысы клубының баспасөз қызметі таратты.

Илиан Илиев футболды тәп-тәуір ойнаған. Көзі қарақты жанкүйерлер жақсы біледі, Болгария құрамасы сапында 1998 жылы Францияда өткен әлем чемпионатында ойнаған. Жартылай қорғаушы болатын. Өз елінің бірнеше дүркін чемпионы және жүлдегері болған.

Болгарияның «Черно море», «Левски», «Славия», Түркияның «Бурсаспор» және «Алтай» (Измир), Грекияның АЕК, Португалияның «Бенфика», «Маритимо», «Салгейрош» клубтары сапында өнер көрсеткен. 1991-2000 жылдар аралығында Болгария құрамасы сапында ойнап, 35 матч өткізіп, үш гол соққан.

Илиан Илиев бапкерлік карьерасын 2004 жылдан бастады. Өз елінде «Черно море», «Берое», «Левски» клубтарын жаттықтырып, 2014-2015 жылдары Анголаның «Интерклуб» командасын да бас бапкер болып қайтты. Соңғы жаттықтырған командасы – «Локомотив» (Пловдив).

1993 жылы түрікті «Алтай» клубының намысын қорғап, 12 ойын өткізіп, үш гол соққан Илиев енді қазақтың «Алтайына бас бапкер болып отыр. Ол Қазақстан премьер-лигасындағы төртінші болгар маманы. Оған дейін біздің елге Балқан түбегінен Станимир Стойлов («Астана»), Димитар Димитров («Ертіс»), Стойчо Младенов («Атырау» – «Қайсар») сынды мамандар келген болатын.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика