Бүгінде Көкшетаудың «Оқжетпесі» шабаданын дайындап, Бірінші лигаға «билет алудың» қамымен жүр. Кеше Ақмола облысының әкімдігі клуб басшылығын толығымен қызметінен босатты. «Оқжетпеске» мамыр айында келген директор Юрий Бондаренкоға да, оның серіктесі, яғни спорт директоры Бағлан Ергешевке де өз еріктерімен қызметтерінен кету жөнінде арыз жазғызды. Енді ше, негізі бұлар клубқа келгенде көкшеліктер турнир кестесінде 9-орында тұрған. Ал қазір соңғы сатыда ілбіп келеді. Оның үстіне, облыс басшылығы клубтың келесі жылғы бюджетін қысқарту жайлы тапсырма беріпті. Демек, Көкшетауда Бірінші лигаға дайындықты қазірден-ақ бастап кеткен секілді.
Дегенмен, Қызылордада «Оқжетпес» алаң иелеріне кәдімгідей тойтарыс берді. Есепті бірінші болып ашқан да солар. Қазақ футболының Горец Маклауды Әлібек Бөлешевтің соққысынан кейін Ілияс Әмірсейітов допты өз қақпасына соғып алды. Бұл ойынның небәрі 13-ші минуты болатын. Таразы басын теңестіру үшін тайлы-тұяғымен шабуылға көшкен алаң иелері тек бірінші таймның соңында ғана жауап голын соға алды. Бұрыштамадан кейін допты Руслан Әбжанов қорғаған қақпаға баспен дәл қадаған Алексей Мулдаров болатын. Соңғы кездері жанкүйерлердің сынына жиі ұшырап жүрген Мулдаровтың қуанышында шек болған жоқ. Сұқ саусағын аузына тосқан күйі алаң жиегімен жанкүйерлерді жағалай жүгіріп, «мен туралы жаман ойларың болмасын» дегендей ишара жасады.
Үзілістен кейін «Қайсар» көбінесе «Оқжетпестің» айып алаңын торуылдағанымен «Оқжетпестің» қарымта шабуылдары қауіпті болып жатты. Егер Виталий Волков қақпашымен жеке-дара шыққандағы сәтін ұтымды пайдалана алғанда, онда Сыр командасының жігері құм сепкендей басылар ма еді. Бірақ, алаң иелерінің бас бапкері Стойчо Младенов ойынға дер кезінде серпін берді. Шаршаңқырап қалған Милан Бойович пен Володимир Аржановтың орнына Тоқтар Жаңғылышбай мен Елжас Алтынбековты шығарып, қорғаушы Алексей Мулдаровтың орнына плеймейкер Руслан Сахалбаевты қосты. Осыдан кейін «Қайсардың» ойынына қайта қан жүгіргендей болды. Алайда, сонда да қақпа алдына келгенде допты көп ұстап қойып жатты. Бәрін шешкен Тоқтар Жаңғылышбайдың шеберлігі. Айып алаңының сыртынан допты қабылдаған шабуылшы сол аяғымен шиіре теуіп, «Красаваны» қақпаның алыс тоғыздығына дәл қадады. Есеп – 2:1.
Осылайша қатарынан екі ойында жеңіске жеткен «Қайсар» турнир кестесінде «Шахтерді» артқа тастап, алтыншы орынға көтерілді. Алда қызылордалықтарды төрт ойын күтіп тұр. Бәрі де басты бәсекелестерімен болатын кездесулер. Екеуін өз алаңында, екеуін түзде өткізбек. Теориялық тұрғыдан алғанда Младенов шәкірттерінде еурокубоктық межеге жететін мүмкіндік те бар. Бірақ, қызылордалықтар биыл алтыншы орынға да қанағат қылатын шығар.
«Қайсар» (Қызылорда) – «Оқжетпес» (Көкшетау) 2:1 (1:1)
Голдар: Әмірсейітов, 13автогол (0:1). Мулдаров, 38 (1:1). Жаңғылышбай, 87 (2:1).
Ескертулер: Волков 5, Гогуа 35, Гошкодеря 60.
«Қайсар»: Григоренко, Аржанов (Алтынбеков 85), Граф, Камара, Курьор, Бойович (Жаңғылышбай 70), Әмірсейітов, Байжанов (к), Коробкин, Мулдаров (Сахалбаев 75), Чуреев.
Резерв: Исламқұлов, Евстигнеев, Нәрзілдаев, Балтаев, Омаров, Жахаев.
«Оқжетпес»: Әбжанов, Гогуа (Козлов 66), Фрейдгеймас (Адырбеков 46), Гошкодеря, Федин, Юрин (Хорват 80), Досмағамбетов, Марочкин, Волков, Бөлешев (к), Абдулин.
Резерв: Стаменкович, Матвеев, Недашковский, Куксин, Дайыров, Шафф.
Төрешілер: Алексей Бобров (Қарағанды), Сергей Васютин (Алматы), Елеш Құсайынов (Астана). Резервтегі төреші: Еркен Жантуғанов (Қызылорда).
Қызылорда қаласы, Ғ. Мұратбаев стадионы (қосалқы алаң). 2000 көрермен.