Вернуться к списку статей

Еуро-2018: Қазақстан құрамасына кімдер қарсылас атануы мүмкін?

Футбол
1K
Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы
Футзалдан 2018 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алған барлық құрамалар анықталды. Ертең жеребе тарту рәсімі өтіп, Какау бастаған Қазақстан құрамасының қарсыластары анықталады.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейінгі Еуропа чемпионаты 2016 жылы Сербия астанасы Белградта өтіп, Ресей және Хорватиямен бір топқа түскен біздің құрама чемпионат қорытындысы бойынша жартылай финалға дейін жетіп, Испаниядан ғана жеңілген. Үшінші орын үшін өткен кездесуде Сербияны 5:2 есебімен тізерлетіп, ел футзалының тарихында тұңғыш рет қола жүлдеге қол жеткізгенбіз. Какау бастаған ұлттық құраманың алдында сол жетістікті қайталау мақсаты тұр.

Келесі Еуропа чемпионаты 2018 жылдың 30 қаңтары мен 10 ақпаны аралығында Словения астанасы Люблянада өтеді. Ойындардың барлығын «Арена Стожице» спорт кешені қабылдайды. Финалдық сында 12 команда. Оның 8-сі бұған дейінгі іріктеу кезеңдері кезінде анықталып қойған. Соңғы төртеуі, яғни Франция, Польша, Румыния және Сербия електік кездесулердің қорытындысы бойынша жолдаманы жеңіп алды. Олар жеребе тарту рәсімінде төртінші себетке орналасады. Қазақстан құрамасы Италия, Украина және Әзірбайжанмен бірге екінші себетте. Яғни, біз «Еурода» бұл үшеуімен топтық кезеңінде кездесе алмаймыз. Ал турнир қожайындары Словения бірден «А» тобына орналасты.

Жеребе тарту рәсіміндегі себеттер:

«А» тобындағы бірінші команда: Словения (чемпионат қожайыны)

Бірінші себет: Испания, Ресей, Португалия.

Екінші себет: Италия, Украина, Әзірбайжан, Қазақстан

Үшінші себет: Сербия, Румыния, Польша, Франция.

Еуропа чемпионатының финалдық кезеңінде 12 команда үш-үштен төрт топқа бөлінеді. Әр топтан ширек финалға үздік екі командадан жолдама алады. Жеребе тарту рәсімі ертең Люблянада өтеді.

Негізі, бұл финалдық кезеңде 12 команда ойнайтын соңғы Еуропа чемпионаты. Бұдан кейін «Кәртамыс құрлық» додасы төрт жылда бір өтіп, оған 16 құрамадан қатысатын болады.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика