Вернуться к списку статей

«Қайрат» «Тобылды» да тобықтан қақты

Футбол
1K
«Қайрат» – «Тобыл» – 2:0. Фото: fctobol.kz
«Қайрат» өз алаңында «Тобылды» да тізе бүктіріп, Испания маманы Карлос Феррердің жетекшілігімен сегізінші рет қатарынан жеңіске жетті.

Өткен турда «Ақтөбеден» ұтылып қалған «Тобыл» бұл жолы жанкүйерлерін жерге қаратпауы тиіс еді. Бірақ Жерар Гоудың ойын басталған бетте соққан голы Қостанай клубының аптығын су сепкендей басты. Аршавиннің сол қанаттан көлбеулете берген пасын Кот-д'Ивуар шабуылшысы асқан шеберлікпен қақпаға тура бағыттады.

Бұдан кейін «Тобыл» қорғаныста мейілінше сақ болуға, мұқият ойнауға тырысты. Алға шығудан қалды демейміз, бірақ «Қайраттың» алғашқы қарқынынан сескеніп қалғандай. Сескенетіндей жөні бар, «Қайрат» соңғы турларда «Тараз» мен «Ордабасыны» 5:1 есебімен ойсырата ұтып, екі ойында 10 гол соққан.

«Тобыл» екінші таймда ғана шабуыл ұйымдастыра білетіндігін көрсетті. Тіпті екі рет гол соғатын мүмкіндігі де болды. Алайда қонақтар өз мүмкіндіктерін мүлт жіберіп алды. Ал бұдан кейін «Қайраттың» қақпасына нысанаға алудың сәті мүлде түспеді.

«Қайрат» болса, өз мүмкіндігін қалт жібермейтіндігін көрсете білді. Ойынның аяғына қарай, «Тобылдың» қақпашысы допты кері қайтармақ болып, жаза басты. Ал Исаэль мұндай сәтте допты қақпаға аспай-саспай қалай дөп түсіру керектігін көрсетті.

Сөйтіп, «Қайрат» құрамында тәжірибелі ойыншылары көп Қостанай клубын да ұтып, қайтадан бірінші орынға шықты. Бірақ «Астанадан» үш ойын артық өткізген, екі ұпай айырмасымен ғана озып тұр. Яғни «Астана» бір ойында жеңске жетіп-ақ, алматылықтарды екінші орынға ығыстыра алады.

Ал «Тобыл» әлі тұрақты ойын өрнегін көрсете алар емес. Екі рет жеңсе, үш рет ұтылып, басты бәсекелесі «Ертістің» қуып жетуіне мүмкіндік беріп қойды. Павлодар клубының бір ойын кем өткізгендігін ескерсек, қостанайлықтардың төртінші орыннан айырылып қалу да ықтимал секілді...

«Қайрат» – «Тобыл» – 2:0 (1:0)

Голдар: Гоу, 3. Исаэль, 79. 

Ескертулер: Сүйімбаев, 68.

«Қайрат»: Покатилов, Ахметов, Арзо, Бато, Сүйімбаев, Элек, Қуат (к), Парагульгов (Исламхан, 54), Исаэль (Балтабаев, 86), Аршавин, Гоу (Анене, 78).

Қосалқы құрам: Плотников, Рудосельский, Люхай, Әбікен.

«Тобыл»: Непогодов, Мирошниченко, Кассай, Шиков, Сартаков, Жулпа, Вух, Мухутдинов (к) (Жұмасқалиев, 6), Ллуллаку (Джалилов, 73), Жалмұқан (Жақыпов, 82), Щеткин.

Қосалқы құрам: Бұсырманов, Бекич, Гурман.

Төрешілер: Абдуллаев (Қаратау), Попов (Өскемен), Бельский (Тараз).

24 қыркүйек, 2017. Алматы, «Орталық». 5500 көрермен. 



Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика