Вернуться к списку статей

Қазақстан құрамасының келесі қарсыласын "Миланның" экс-қорғаушысы жаттықтырады

Футбол
1K
Қазақстан құрамасының келесі қарсыласын
Қазақстан ұлттық құрамасының келесі қарсыласы Румыния жаңа бас жаттықтырушысын тағайындады. Таяуда ғана қызметінен кеткен неміс Кристоф Даумның орнына «Миланның» бұрынғы қорғаушысы Космин Контра келді.

2018 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу додасының алдында Румыния ұлттық құрамасы бірінші себетте болған. Алайда, сегіз турдан кейін бар болғаны 9-ақ ұпай жинап, топ көшбасшысы Польшадан 10 ұпайға қалып қойды. Одан бөлек, Мундиальға баратын барлық мүмкіндіктен айрылды. Соңғы кездесулерінде түзде Црна Гора футболшыларынан жеңіліп қалды. Осыдан кейін Кристоф Даум Румыния футбол федерациясының президенті Рэзван Бурлянмен кездесіп, 63 жастағы маманның қызметінен кетуі жөнінде шешім қабылданды.

Енді міне, оның орнына Космин Контра тағайындалды. Кезінде «Алавес» (Испания), «Милан» (Италия), «Вест Бромвич» (Англия) және «Атлетико» (Испания) футбол клубтарында ойнап, ұлттық құрама сапында 73 ойын өткізген. 2011 жылдан бері бапкерлікпен айналысып жүр. Соңғы кездері Бухарестің «Динамосын» жаттықтырып, жап-жақсы нәтиже көрсетіп жүрген. Алайда, ұлттық құраманы жаттықтыру үшін «Динамодан» кетуге мәжбүр болды.

Космин Контрамен Румыния футбол федерациясы екі жылға келісімшартқа отырды. Оның алдына ұлттық құраманы 2020 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне шығару тапсырмасы қойылған.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан мен Румыния ұлттық құрамалары 5 қазан күні Бухаресте кездеседі. Ал «Астана-Аренадағы» ойын былтыр 0:0 есебімен аяқталған. Бірақ ол кезде румындарды Кристоф Даум, біздің команданы Талғат Байсуфинов жаттықтырған.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика