Вернуться к списку статей

«Шахтер» шалып, «Оқжетпес» омақасты – Бөлешевтің 100-голы

Футбол
1K
«Шахтер» – «Оқжетпес» – 2:1. Фото: okzhetpes.kz
«Шахтер» өз алаңында «Оқжетпесті» жеңіп, 6-орынға көтерілді. Бұл ойында Әлібек Бөлешев өзінің Қазақстан чемпионаттарындағы 100-голын соқты.

Екі командаға да ұпай қажет болатын. «Шахтерге» “қауіпті аймақтан” алыстай түсу керек. Ал «Оқжетпес» енді ұтылса, жағдайы тығырыққа тіреледі. Онсыз да, 11-орындаға командадан бес ұпайы кем болатын...

Бірақ ойын аса жоғары жылдамдықта өтті деп айта алмаймыз. «Шахтердің» жігіттері еркіндеу де, ал «Оқжетпес» ойыншыларында уайым-қобалжу басым сияқты көрінді. Әлде әрбір қателіктің бағасы тым қымбатқа түсетіндігі еңселерін басып тұрды ма?..

Сондықтан екі команда да шектен тыс сақ болуға, мұқият ойнауға тырысты. Бірақ ойын тағдырын бәрібір өрескел қателік шешті. «Оқжетпестің» орталық қорғаушысы Ренат Абдулин 13-минуттың ішінде екі рет ескерту алып, алаңнан қуылды...

Екіншісінде екі мәрте қателесті. Әуелі допты дұрыстап тойтара алмады. Оның басымен қайтарған добын кеншілер іліп әкетті. Содан соң айып алаңы ішінде Стефан Зошакты итеріп құлатып, жаза басты. Төреші Абдулинді алаңнан қуып қана қоймай, пенальти берді. 11-метрлік айып соққысын Милан Стоянович мүлтіксіз орындады.

Алаң иелері асыққан жоқ. Асығып қайтеді, бір ойыншысы артық. Әрі жеңісті уыстарынан шығармайтындарына сенімді болғандай да. Әйтсе де, екінші тайм бел ортасынан ауғанда, тағы бір гол соғып, есепті еселей түсті. Доп ойынға бұрыштан қосылып, Якуб Хлебоун басымен қақпаны дәл көздеді.

Осыдан кейін ғана босаңсып, арқаларын кеңге салды. Ал «Оқжетпес» сапында намысты қолдан бермеуге, соңына дейін ойнауға тырысқан футболшылар болды. Солардың бірі Әлібек Бөлешев еді. Оның бұл еңбегі өз жемісін берді.

Матч соңындағы қонақтардың шабуылының бірінде Әлібек алға ұмтылып, алаң иелері қорғаушыларын қателесуге мәжбүрледі. Евгений Тарасов допқа ентелеген Бөлешевті құлатып, төреші пенальти берді. 11-метрлік айып соққысын «жәбірленушінің» өзі орындап, допты өзімен бірге естелікке алып кетті. Өйткені бұл доп, бұл гол ол үшін өте маңызды болатын.

«Шахтер» – «Оқжетпес» – 2:1 (1:0)

Голдар: Стоянович, 36-пенальтиден. Хлебоун, 76. Бөлешев, 86-пенальтиден.

Ескертулер: Абдулин, 22. Хлебоун, 69. Габышев, 80.

Алаңнан қуылды: Абдулин, 34 (екінші ескерту)

«Шахтёр»: Шацкий, Айегбуси, Дмитренко, Хлебоун, Тарасов (к), Габышев, Станоевич (Наджарян, 86), Валента, Зошак, Стоянович (Шахметов, 70), Хижниченко (Өміртаев, 80).

Қосалқы құрам: Багинский, Путинцев, Әлімбаев, Пикалкин, Ермеков.

«Оқжетпес»: Стаменкович, Адырбеков, Фрейдгеймас, Абдулин, Досмағамбетов, Хорват (Волков, 57), Гошкодеря, Федин (Марочкин, 40), Юрин (Шафф, 77), Козлов, Бөлешев (к).

Қосалқы құрам: Әбжанов, Матвеев, Недашковский, Куксин, Дайыров, Кейлер.

Төрешілер: Сариев (Орал), Тасыбаев (Павлодар), Лабашов (Атырау).

17 қыркүйек, 2017. Қарағанды, «Шахтер». 2000 көрермен.


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика