Вернуться к списку статей

«Атырау» аптығып, «Ақтөбе» асығып... алысты Жайықтың жағасында

Футбол
1K
«Атырау» – «Ақтөбе» – 2:2. Фото: rfcatyrau.kz
«Атырау» мен «Ақтөбе» Жайық жағасында кездесіп, біреуі аптығып, екіншісі гол соғуға асығып, ақыры екеуі тең түсті.

«Атырау» өткен турда Астанада күйрей ұтылған. Ел чемпионынан 0:7 есебімен жеңіліп қалып, жігері құм болған. Бір апта өтсе де, еңсе тіктей қоймапты. Әсіресе, қорғаушылары күйгелектеп, сабаларына түсе алмай жүргендей...

Бүгін «Ақтөбе» бірінші болып гол соғып, одан әрі састырды. Әупіріммен таразы басын теңестірді. Алайда қонақтар «Атырау» футболшылары қамсыз, жайбарақат тұрғанда айып добын орындап, қайтадан алға шықты. Алаң иелерінің бақтары бар екен, бірінші таймның аяғында төреші пенальти беріп, екінші рет есепті теңестірудің сәті түсті.

«Атырау» екінші таймда тағы да ұтылып қалмауды көп ойлады. «Ақтөбеге» де ұтылуға болмайды. Әсіресе басты бәсекелесінен жеңілмеу керек. Түзден бір ұпай олжалау да жаман нәтиже емес. Бұл ойын осылай тең аяқталды. Екінші таймда екі команда да шектен тыс сақ болуға тырысты.

Кім біледі, егер «Атырау» бірінші болып гол соққанда, бәрі де басқаша болар да ма еді? Онда алаң иелерінің өздеріне деген сенімдіктері арта түсуі тиіс қой. Бірақ «Атырау» үшін сын сағаты енді туындайды. Алдағы турларда басты бәсекелестірінің үшеуімен кездеседі.

«Ақтөбе» төртінші рет бір ойында екі гол соғып отыр. Бір қызығы, Жайық жағасында «Ақжайықпен» де, «Атыраумен» де 2:2 есебімен тең түсті. Ал «Оқжетпесті» түзде, «Шахтерді» өз алаңында 2:0 есебімен ұтты. Төрт ойыннан сегіз ұпай еншіледі. Жаман көрсеткіш емес, әрине. Енді өзінен жоғары орналасқан командалармен кездеседі.

«Атырау» – «Ақтөбе» – 2:2 (2:2)

Голдар: Валиуллин, 13 (0:1). Сикимич, 21 (1:1). Шимкович, 30 (1:2). Максимович, 43-пенальтиден (2:2).

Ескертулер: Хайруллин, 33. Джокич, 45. Колчак, 56. Шимкович, 59. Чичулин, 60. Саломов, 80. Қайыров, 85.

«Атырау»: Пасеченко, Чичулин, Лобжанидзе, Обшивач, Абдрахманов (Қалмұратов, 76), Джокич, Максимович, Сергиенко, Хайруллин (к) (Сүлей, 67), Сикимич, Двалишвили (Саломов, 67).

Қосалқы құрам: Нарзикулов, Аблитаров, Мәжитов, Эсатов, Коробов, Тәжімбетов.

«Ақтөбе»: Отарбаев, Қайыров, Воловик (к), Айтбаев, Симович, Колчак, Нейн, Валиуллин, Савич (Муарем, 65), Шимкович (Обрадович, 65), Зенькович (Айымбетов, 75).

Қосалқы құрам: Сидельников, Сәулет, Байтана, Розыбакиев, Кәкімов, Жүнісов.

Төрешілер: Сахи, Жаппасбаев (екеуі де – Қызылорда), Жаспенов.

16 қыркүйек, 2017. Атырау, «Мұнайшы». 3000 көрермен.


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика