Карлос Алос Феррердің «Қайраттың» тізгінін ұстағанына басында күмәнмен қарағанымыз рас. Өйткені, испан маманы бұған дейін ересектер командасымен жұмыс жасап көрмеген болатын. Бірақ, Карлостың жаттықтыруымен «Қайрат» қатарынан алтыншы ойында ұпайдан шашау шығармай, барлық ойында жеңіске жетіп келеді. Бұл жолы алматылықтар түзде «Таразды» 5:1 есебімен ойсырата жеңді. Егер осы қарқындарынан таймаса, онда чемпионаттың соңында бас жүлде үшін «Астанамен» тайталасып қалуы да әбден мүмкін.
«Тараз» – «Қайрат» (Алматы) 1:5 (0:1)
Голдар: Гоу, 17 (0:1). Исламхан, 52 (0:2). Исламхан, 64-пен. (0:3). Қожаберді, 82 (1:3) Анене, 87 (1:4). Аршавин, 88 (1:5).
Ескертулер: Таубай, 22. Бабаханов, 64 – Элек, 38. Бато, 44.
«Тараз»: Бабаханов, Эргашев, Диара, Шипицин, Морис, Мане (Фещук, 57), Миюшкович, Шадманов, Зайнутдинов (Қожамберді 69), Әмірханов, Таубай.
Резерв: Логиновский, Горячий, Байжанов, Нұралы, Молтусинов, Кургулин.
«Қайрат»: Покатилов, Ахметов, Бато, Элек, Қуат (Балтабаев, 73), Сүйімбаев (Соколенко, 83), Исламхан, Арзо, Исаэль, Аршавин, Гоу (Анене, 69).
Резерв: Плотников, Парагульгов, Әбікен, Рудосельский.
Төрешілер: Кучин (Қарағанды), Тихонюк (Ақтөбе), Орынбаев (Шымкент).
Тараз қаласы, Орталық стадион. 3500 көрермен.
Лас-Вегасқа Головкин мен Альварестің айқасын көруге кеткен Қайрат Боранбаевтың көңілі тоқ шығар. Мұхиттың ар жағында жүріп, футболшылары үшін бір бокал көтерсе де артық етпейді. Оның жігіттері бүгін «Таразды» еш қиналмай ұтты.
Әдетте, «Қайратқа» «Таразбен» түзде ойнаған қиын болатын. Биылғы 0:0-ді айтпағанда, былтыр Таразға барып, 1:2 есебімен ұтылған. 2015 жылы да киелі қаладан ұпайсыз қайтты. Осы жолы да оңай болмайды деп ойлаған ек. Бірақ...
Алғашқы 10 минутта ғана алаң иелері қонақтарға қарсылық көрсетіп, «Қайрат» қорғаушыларын қыспаққа алуға тырысты. Алайда, Жерар Гоудың голы Ваит Талғаев шәкірттерінің жігерлерін құм сепкендей басып, одан әрі «тараздықтар» сол күйі естерін жия алған жоқ. Бірінші таймда бір голмен шектелгенімен үзілістен кейін алматылықтар қарқындарын тіптен үдетті. Андрей Аршавиннің әдемі пасынан кейін Бауыржан Исламхан есепті еселесе, Тараз футболының түлегі пенальтиден өзінің туған командасының қақпасына үшінші голды соғып, алаң иелері үшін жанкүйерлік етуге келген көрермендерді үйлеріне ерте қайтуға мәжбүр етті. Рас, 82-ші минутта Жақып Қожамберді таблодағы көрсеткішті қысқартқанымен кездесудің аяқталуына санаулы минуттар қалғанда Чума Анене мен Андрей Аршавин бір-бір голдан соғып, «Қайратқа» ірі есеп әперді.