Вернуться к списку статей

Бірінші лигада шиеленіс жоқ

Футбол
1K
Бірінші лигада шиеленіс жоқ
Бірінші лигада мән қалмады. Бәрі де түсінікті. «Жетісу» ешкімді жеткізбес, ал екінші орынды «Қызыл-Жар» еншілеп, «Қайраттың» академиясы үздік үштікті қорытындылайды. Егер жүлдегерлердің орындары ауысса, онда маусым сәтті аяқталды дей беріңіз.

Ал қазір бәрі белгілі. Ешқандай да шиеленіс жоқ. Рас, Теміртауда «Шахтер-Болат» маусымның басты фавориттерінің бірі «Қайрат А» командасынан ұпай тартып ала алды. Есепті бірінші болып ашқан да алаң иелері. 13-ші минутта Әнуар Агайсин «кеншілерді» алға шығарған. Алайда, арада екі минут өтер-өтпестен ұлттық құрамамыздың шабуылшысы Бауыржан Тұрысбек таразы басын теңестіріп кетті. Үзілістен кейін екі команда тағы бір-бір голдан алмасты. Қорытынды есеп – 2:2. Бірақ бұл тең есеп турнир кестесіне еш әсер ете алған жоқ. «Қайрат» академиясы турнир кестесіндегі үшінші орынды сақтап қалса, «Шахтер-Болат» 7-орыннан ары көтері алмады.

Ал «Жетісу» мен «Қызыл-Жар» кезекті жеңістеріне қол жеткізді. Екеуі де 19-турдың ойындарын түзде өткізген. Владимир Фомичев шәкірттері Ақтауда «Каспийдің» қақпасына жауапсыз үш гол соқса, Дмитрий Огай командасы «Екібастұзды» 3:1 есебімен ұтып, осыдан бір ай бұрынғы Талдықорғандағы жеңілістері үшін қарымта қайтарды.

Бірақ бәрінен де «Байқоңырдың» биылғы қарқыны таңғалдырып жатыр. Шымкентте «Қыранмен» кездескен Ерлан Шойтымов шәкірттері алаң иелерінің қақпасына жауапсыз үш гол соқты. Белгілі спорт комментаторы Амангелді Сейітханның ұлы Ерасыл Сейітхан дубль авторы атанса, 87-ші минутта Шоқан Абзалов шымкенттіктерді бокс тілімен айтқанда ауыр нокаутқа жіберді. Бұл қызылордалықтардың осы маусымдағы жетінші жеңісі. Егер үшінші орындағы «Қайрат» академиясын қуып жетер бір команда болса, ол «Байқоңыр» болар.

БІРІНШІ ЛИГА

19-тур (09.09.17 ж., сенбі)

«Шахтер-Болат» (Теміртау) – «Қайрат А» (Алматы) 2:2 (1:1)

Голдар: Агайсин, 13 (1:0). Тұрысбек, 15 (1:1). Васильев, 54 (2:1). Шушеначев, 64 (2:2).

«Каспий» (Ақтау) – «Қызыл-Жар» 0:3 (0:1)

Голдар: Ступич, 34. Мульдинов, 60. Мульдинов, 63.

«Екібастұз» – «Жетісу» (Талдықорған) 1:3 (0:2)

Голдар: Касьянов, 6 (0:1). Ыбыраев, 45 (0:2). Бегалин, 50 (1:2). Сердюков, 85 (1:3).

«Қыран» (Шымкент) – «Байқоңыр» (Қызылорда) 0:3 (0:2)

Голдар: Сейітхан, 9. Сейітхан, 40. Абзалов, 87.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика