Биылғы маусымда екі команданың да жолы болар емес. Турнир кестесінің тұңғиығынан шыға алмай-ақ қойды. Бастапқыда бұл екеуінен бөлек, «Шахтер», «Тараз», «Атырау» да аяқтарын ілбіп басып, әзер жүрген еді. Қазір Премьер-лигадан ұшып кетудің басты үміткерлері – «Ақжайық», «Оқжетпес» және «Ақтөбе». Бүгінгі турдың алдында соңғы орында «Ақжайық» тұрған. Сондықтан, оралдықтар өз алаңында барын салды.
Екі голды да Вахид Масудов шәкірттері бірінші таймда соқты. Үзіліске таман қонақтарды шаршап қалғанын пайдаланған алаң иелері ысқырықтың естілуіне үш минут қалғанда алғашқы нәтижелі шабуылды ұйымдастырды. Азат Ерсәлімовтің әуелете асырған пасына украиналық шабуылшы Константин Дудченко басын әдемі тосты. Есеп – 1:0. Бұл гол «Оқжетпес» ойыншыларын есеңгіретіп жіберсе керек, «Ақжайықтың» екінші шабуылына тойтарыс бере алмады. Бұл жолы хорват қорғаушысы Денис Главина допты сүйретіп әкеліп, айып алаңына кірместен қақпаға қақырата тепті. Есеп – 2:0.
Екінші таймда есеп өзгерген жоқ. Алаң иелері осы есепті сақтап қалды. «Оқжетпес» дұрыс ойнай алмады. Сөйтіп, турнир кестесінде соңғы орыннан бір-ақ шықты. Бұл «Оқжетпестің» қатарынан үшінші жеңілісі. Соңғы рет көкшетаулықтар осыдан бір жарым ай бұрын өз алаңында «Қайсарды» ұтқан екен. Ал келесі турда тағы бір басты бәсекелестерінің бірі «Шахтермен» кездесу үшін Қарағандыға барады. «Кеншілерден» де ұтылар болса, жағдайы тіптен қиындайды.
«Ақжайық» (Орал) – «Оқжетпес» (Көкшетау) 2:0 (2:0)
Голдар: Дудченко, 42. Главина, 45.
Ескертулер: Шабаев 32, Джурович 39, Гогуа 5, Дайыров 39,
«Ақжайық»: Котляр, Главина, Одибе, Сапанов, Шабаев (Тапалов 89), Говедарица, Ерсәлімов, Дудченко (Дельгадо 68), Николич, Перцух, Джурович (Антипов 92).
«Оқжетпес»: Стаменкович, Адырбеков, Дайыров, Марочкин, Фрейдгеймас, Гогуа (Кейлер 88), Хорват, Волков, Юрин (Федин 62), Козлов (Бөлешев 65), Шафф.
Төрешілер: Измайлов (Талдықорған), Павлов, Шабанов (Алматы).
Орал қаласы, Петр Атоян стадионы, 2 000 көрермен.