Вернуться к списку статей

Өзбекстан бас бапкерін қызметінен қуды. Ал біз Бородюкке қашанғы шыдаймыз?

Футбол
1K
Өзбекстан бас бапкерін қызметінен қуды. Ал біз қашанғы шыдаймыз?
Өзбекстан футбол федерациясы ұлттық құрамасының бас бапкерлер алқасын толығымен қызметтерінен қуды. Ал біз Бородюкке әлі екі жыл шыдауымыз керек.

2015 жылы Мирджалол Қасымовтың орнына тағайындағанда Өзбекстан футбол федерациясы Самвел Бабаянның алдына 2018 жылы Ресейде өтетін әлем чемпионатына жолдама алу туралы тапсырма қойған. Алайда, Иран, Оңтүстік Корея, Сирия, Қытай және Катар құрамаларымен бір топта болған өзбектер өз тобында 4-орын алып қалды да, мундиальға қатысу құқығынан біржола айрылды. Шешуші кездесуде «ала шапанды ағайындарымыз» өз алаңында Оңтүстік Кореяны ұта алмай, 0:0 есебімен тең түсіп, 13 ұпаймен шектелді. Олардың алдын кәрістерден бөлек, Иран мен Сирия орап кетті.

Бүгін Өзбекстан футбол федерациясы Самвел Бабаянды көмекшілерімен қосып отставкаға жіберді. «Самвел Бабаян және оның бапкерлер кеңесі әлем чемпионатына жолдама алу тапсырмасын орындай алмады. Сол себепті Өзбекстан ұлттық құрамасының жаттықтырушылар алқасы толық қызметінен босатылды. ӨФФ Иран және Оңтүстік Кореяны әлем чемпионатына жолдама алуымен құттықтап, оларға сәттілік тілейді. Өз кезегінде Федерация осы уақытқа дейін ұлттық құрамаға қолдау көрсетіп келген жанкүйерлерге алғыс білдіреді», - делінген Өзбекстан футбол федерациясының ресми сайтында.


Жалпы, Өзбекстан құрамасында биыл әлем чемпионатына баратын керемет мүмкіндік болған. Топтық кезеңнің соңғы ойынында өзбектер өз алаңында Оңтүстік Кореяны қабылдады. Ал олардың басты бәсекелестері Сирия Иранға қонаққа барған. Екеуінің де ұпайлары 12-ден болатын. Сондықтан, өбектерге қалайда кәрістерді ұтып, Сирияның Тегеранда сүрінуін күтуі тиіс еді. Сол күні, шыны керек, қазақстандық талай футболсүйер қауым Өзбекстан құрамасына жанкүйерліп етіп, олардың мундиальға жолдама алуын шын жүректен тіледі. Бірақ, Бабаян шәкірттері кәрістерден тек бір ұпай алды. Ал Сирия Ираннан 1:2 есебімен жеңіліп жатып, 93-ші минутта таразы басын теңестіріп кетті.

Әлбетте, бас бапкерін бірден алып тастаған Өзбекстан футбол федерациясының ұстанымы бізді тәнті еткені рас. Ал біз қатарынан бес ойында ұтылғанына қарамастан Бородюкке шыдап әлі жүрміз. Егер Қазақстан футбол федерациясы оқыстан ойын өзгертпесе, тағы екі жыл шыдауымызға тура келеді-ау. Өйткені, ресейлік маманмен келісімшарт үш жылға жасалған екен. Бір жылы аяқталуға жақын қалды.

Дегенмен, дәл қазір Азияның футболы асып бара жатыр деп те айтуға келмейді. Қанша дегенмен төрелік тұрғысында әділдіктің әлсіздігі байқалады. Мәселен, бұған дейін өз алаңында қарсыластарына ұпай ұстатпаған Иранның Тегеранда Сирияға екі гол соқтырып қоюын кездейсоқтыққа балай алмайсың. Сондай-ақ, Ташкенттегі ойынды да көрдік. Өзбекстанның да, Оңтүстік Кореяның да ойыны аса көңіл көншітпеді. Оны айтасыз, «Ордабасыда» қосалқы құрамда жүрген Александр Гейнрих өз құрамасында атой салып жүргеннен кейін Азия футболының деңгейі туралы не деуге болады?!  

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика