Қалың бұқараға Какау деген атпен танымал бразилиялық маман ұлттық құрамамызды бұған дейін 2013 жыл мен 2016 жылдың аралығында жаттықтырған. Осы аралықта футзалшыларымыз халықаралық аренада 39 ойын өткізіп, соның 25-інде жеңіске жеткен. 8 кездесуде тең түсіп, небәрі алтауында ғана жеңілістің кермек дәмін татты. Доп айырмашылығы – 137:69. Былтыр Белградта өткен Еуропа чемпионатында айды аспанға бір-ақ шығарып, елімізге қола медаль алып берген. Одан кейін Аргентинадағы әлем чемпионатында 1/8-финалға дейін жетіп, тек Испаниядан ғана ұтылды.
Алайда, былтыр жыл бойы Какау шаршағанын айтып, ұлттық құрамадан кететіні туралы мәлімдеген. Ақыры қаңтардың басында қызметін босатып, бар зейінін «Қайратқа» салды. Ал ұлттық құрамамыздың тізгінін «Қайратта» Какаудың көмекшісі болған Алесио ұстады.
Дегенмен, Алесио Қазақстанда көп тұрақтамады. Маусым айында Әзірбайжаннан келген алғашқы шақыртудан кейін-ақ Бакуге жол тартты. Содан бері футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы бас бапкерсіз қалған. Бүгін бұл қызметке Какаудың қайта оралғаны туралы жаңалық жанкүйер қауымды қуантты.
Оның көмекшілері де белгілі болды. Какауға ұлттық құрамада «Қайраттағы» ассистенттері Марио Раулино мен Рабер Клеймар көмектеседі. Екеуі де Бразилиядан.
Какаудың басшылығымен болатын ұлттық құрамамыздың алғашқы турнирі қыркүйектің 9-ы мен 12-сі аралығында Тайландта өтеді.