– Црна Гора құрамасы «Е» тобының көшбасшысы Польшадан 6 ұпайға қалып келеді. Енді екінші орын үшін таласасыздар ма?
– Іріктеу кезеңі соңына таяп қалды. Кімдердің бірінші орынға таласатыны, кімнің соңғы орында осы алдағы екі ойыннан кейін белгілі болып қалуы әбден мүмкін. Рас, Польшаны қуып жете алмаспыз. Бірақ, өз тобымыздан екінші орын алып, финалдық кезеңге шығатын мүмкіндігіміз мол. Басты бәсекелесіміз – Дания. Ұпайымыз тең. Дегенмен,оларға қарағанда біздің мүмкіндігіміз молырақ.
– Црна Гора жерінде өткен бірінші ойында Қазақстанды 5:0 есебімен ойсырата жеңген едіңіздер. Ертең менсінбеушілік болмай ма?
– Егер менсінбеушілік болса, бұл футболшылардың кәсіпқойлығының төмендігі болар еді. Қазір әрбір ұпай маңызды. Сондықтан, ертең ұпай жоғалтсақ, бұл турнир кестесіндегі жағдайымызға кері әсерін тигізеді. Мұны шәкірттерім де жақсы түсінеді. Біз де саналарына сіңіруге тырысып жатырмыз. Менсінбеушілік болмайды.
– Алаңға шығатын негізгі құрамды анықтап қойдыңыз ба? Ертең осы ойынмен қосамжарлана Ақтөбеде екі елдің жастар құрамалары да кездеседі. Сол ойынды тамашалауға мүмкіндік бола ма?
– Негізгі құрамды жасақтап қойдым. Бірақ қазір айтпаймын. Ертең көре жатарсыздар. Сондай-ақ, жастар құрамасы да жеңіске жетсе екен деймін.
– Қазақстан ұлттық құрамасының биылғы Армения мен Дания футболшыларына қарсы өткізген ойындарын көрген шығарсыз. Былтырғы ойынмен салыстырғанда өзгеріс байқадыңыз ба? Қай футболшыдан қауіптенесіз?
– Біз сіздердің соңғы ойындарыңызды ғана емес, жалпы осы іріктеу кезеңіндегі барлық кездесулеріңізді қарап шықтық. Басты жұлдыздарыңыз Бауыржан Исламхан екен. Оның ертең алаңға шықпайтыны қуантады. Дегенмен, басқа да жақсы ойыншыларыңызды байқадым. Жалпы, бас бапкерлеріңіз ауысқалы Қазақстан ұлттық құрамасының ойыны күшейген.