Бүгін түнде Конго Демократиялық Республикасы құрамасы «С» тобындағы соңғы ойынын Того футболшыларымен өткізіп, 3:1 есебімен жеңіске жетті. Бірінші голды матчтың 29-минутында Джуниор Кабананга соқты.
Кабананга әріптесі алға асырған допқа ұмтылып, өзінен сәл ілгері тұрған Того қорғаушысын қуып жетті де, онымен иық тіресе жүгіріп, қақпаны дәл көздеді. Допты денесімен көлегейлеп, әр қимылын аңдыған қорғаушыға да, алдындағы қақпашыға да еш мүмкіндік бермей, екеуін де қапы қалдырды.
Бірінші таймның аяғында Кабананганың тағы да бір гол соғатын мүмкіндігі болды-ақ. Ойынға бұрыштан қосылған, әуелеп келген допты басымен қақпаға қарай сілкіп жіберген, алайда теңбіл доп доғаша иіліп барып, қақпа бағанына тиіп... кері ұшты.
Сонымен, Конго ДР құрамасы ширек финалға «С» тобынан бірінші орынмен шықты. Енді олар Африка кубогының келесі кезеңінде «D» төрттігінде екінші орын алған құрамамен кездеседі. Нақтырақ айтқанда, Египет немесе Гана құрамаларының бірімен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады (29 қаңтар күні).
Ал "С" тобындағы екінші ойында Марокко футболшылары Кот-д'Ивуар құрамасымен кездесіп, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп олар екінші орынмен ширек финалға шықты. Кот-д'Ивуар және Того құрамалары болса, енді үйлеріне қайтады.
«С» тобы
Конго ДР – 7 ұпай,
Марокко – 6
Кот-д'Ивуар – 2
Того – 1
Ал Кабананга әзірге үш ойында үш гол соғып, сұрмергендер көшін бастап тұр. Ол енді кем дегенде, әлі бір ойын өткізеді. Кім біледі, бәлкім, әлі бірнеше ойын өткізер, тағы да гол соғып, билеп қалар...