Вернуться к списку статей

"Ақтөбе" футболшыларын жанкүйерлері "сілкілеп" алды

Футбол
1K
Командасының биылғы маусымдағы сүреңсіз ойындарына наразы болған «Ақтөбе» жанкүйерлері футболшылары мен бапкерлер алқасын ортаға алып, біраз «сығып» алды.

«Ақтөбе» бұрын-соңды мұндай мүшкіл халге түскен жоқ. Соңғы он жылдықта еліміздің ең еңселі клубтарының бірі болып жүрді. Алайда, «неғұрлым биікке көтерілсең құлауың да соғұрлым ауыр болады» деген рас қой. Биыл еліміздің бес дүркін чемпионы Бірінші лигаға түсіп қалудан басты үміткер. Қазір Ақтөбеде футболшыларда да, фанаттарда да маза жоқ. Кеше стадионда екі тараптың кездесуі барысында жанкүйерлер команда мүшелерін қоршап алып, футболшылар мен бапкерлер алқасын біраз қыспаққа алды.

– Сіздерде мотивация жоқ, жігіттер! Өз басым солай ойлаймын, Васильевич, - деді жанкүйерлердің бірі бас бапкерге қарап.

– Бұл сұрақ маған ба?

– Иә.

– Рас, соңғы екі матчты нашар өткіздік. «Астанамен» болған ойынды түсінуге болады. Ал «Ақжайықпен» болған кездесуде команда кішкене шашыраңқы болды. Бұл мотивацияның төмендігінен емес, керісінше жауапкершіліктің тым ауыр болғандығында. Өздеріңіз білесіздер, мен командаға келгенде «Ақтөбе» 1-ші немесе 3-ші орында емес, соңғы орында келе жатты. Көп жұмыс атқардық. Қазір ойынымызда мазмұн пайда болды. Дегенмен, соңғы орында тұрғанда жоғары көтерілу өте ауыр. Психологиялық тұрғыдан алғанда аса қиын. Батпаққа батып бара жатқанда еңсе көтеру оңай емес. Ал бірінші орында футбол ойнау эмоциялық тұрғыда оңайырақ. Өйткені, әрдайым көңіл-күйің көтеріңкі болып, алаңға тың күшпен шығасың. Сондықтан, мен соңғы ойындарда жастарға емес, тәжірибелі футболшыларға көбірек сенім артып жүрмін. Сәтсіздіктерімізден қорытынды шығаруымыз керек, - деді Владимир Муханов.

Ашулы жанкүйерлерді бас бапкерлердің бұл жауабы қанағаттандырған жоқ. Жан-жақтан жамыраған дауыстар бапкерлер алқасына да, футболшыларға да наразылықтарын білдіріп жатты.

– Оралға барып, «Ақжайықпен» болған ойында байқағанымыз – бізде команда жоқ. Футболшылар арасында тізгінді өз қолына алар лидер жоқ. Кешір, Андрей, сен капитан емессің, - деді алғы шепте тұрған фанаттардың бірі.

– Неліктен?, - деп міңгірледі бапкердің қасында тұрған Сидельников.

– Капитан командасын артқа емес, алға тарту керек. Өзіне сенімді болу қажет. Сен өзіңе сенімді емессің, - деген жанкүйерлер «Александр Воловик капитан болсын» деді бірауыздан. «Ал егер ертең команда Бірінші лигаға түсіп қалса, сендер «Ақтөбеде» ойнауға дайынсыңдар ма?», - деді жапатармағай. Ешкімде үн жоқ. Бәрі бір секундқа үндемей қалды.

– Міне, көрдіңдер ме, ертең команда Бірінші лигаға түсіп қалса, бәрің кетіп қаласыңдар. Маңырап біз қаламыз, - деп тағы шулады ашынған жанкүйерлер.

Әйтеуір, бір-бірін жақтырып тұрған ешқайсысы жоқ. Соңында фанаттар «команда енді келесі кездесуінде де жеңілетін болса, сіз, Владимир Васильевич, орныңыздан кетуіңіз керек», - деді.

Айта кетейік, келесі кездесуін «Ақтөбе» 26 тамыз күні түзде Көкшетаудың «Оқжетпесіне» қарсы өткізеді. Бұл Владимир Мухановтың «Ақтөбеге» дейінгі командасы. Егер жеңіп қайтар болса, онда соңғы орыннан көтеріледі. Ал жалпы, алда ел чемпионатында тоғыз-ақ ойындары қалды. Әлі ешнәрсе жоғалтқан жоқ.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика