Вернуться к списку статей

«Қайрат» «Шахтерден» үшінші рет басым түсті

Футбол
1K
«Кайрат» – «Шахтёр» – 3:1. Фото: fckairat.com
«Қайрат» биылғы маусымда «Шахтерді» екі рет 4:1 есебімен ойсырата ұтқан болатын. Бүгін соны үшінші рет қайталауға бір доп жетпеді.

Биыл «Шахтер» «Қайраттың» жойқын шабуылына төтеп бере алмай жүр. Екі рет үш доп айырмасымен ұтылып қалған. Сондықтан бүгінгі матчта мейілінше мұқият ойнауға тырысты. Әрі кездесу басында алаң иелерінің бірнеше шабуылын тойтарып, тайтласаып бақты-ақ.

Тіпті бірінші болып гол соғып, «Қайраттың» жанкүйерлері мен бапкерлерін селт еткізді. Марко Станоевич сол қанатпен алға ұмтылып, «кімге пас берер екен» деп, басқан ізін аңдыған алаң иелерінің қорғаушылары мен қақпашыларын қапы қалдырып, теңбіл допты қақпа тоғыздығына қадады.

Осылай бірінші тайм аяқталды. Ойынның екінші жартысында «Қайрат» құйындай орап соқты. Қарқындарын үдетіп, қонақтарын қыспаққа ала түсті. Ақыры өз дегендеріне жетіп, екі гол соқты. Әуелі Исаэль, содан кейін Жерар Гоу «Шахтердің» қақпасын дәл көздеді.

Осы ретте айта кетейік, Кот-д'Ивуар шабуылшысы биылға маусымда «Шахтердің» қақпасына алты гол соғып отыр. Сәуір айының басында Теміртауда өткен матчта хет-трик жасаған. Маусымның алғашқы күндері Алматыда ысқырығы безілдеген ойында екі гол соққан. Бүгін бір доппен “шектелді”...   

Ойынның аяғына қарай «Шахтердің» кеншілер клубының таразы басын теңестіретін мүмкіндіктері болды. Бірақ «Қайраттың» қақпашысы мен қорғаушылары жанкештілік танытып, қауіпті шабуылды тойтарды. Әрі іле-шала шабуылға шығып, тағы бір гол соқты. Ойынның нүктесін Елдос Ахметов қойды.

«Қайрат» – «Шахтёр» – 3:1 (0:1)

Голдар: Станоевич, 42 (0:1). Исаэль, 53 (1:1). Гоу, 68 (2:1). Ахметов, 85 (3:1).

«Қайрат»: Плотников (к), Ахметов, Арзо, Бато, Сүйімбаев, Элек, Жуков, Парагульгов (Бакаев, 70), Исаэль, Тұрысбек (Анене, 46), Гоу (Соколенко, 73).

Қосалқы құрам: Покатилов, Рудосельский, Балтабаев, Бахтияров.

«Шахтёр»: Шацкий, Мангуткин, Дмитренко, Хлебоун, Тарасов (к), Пикалкин, Валента (Скорых, 70), Сзоке, Зошак (Наджарян, 88), Станоевич (Өміртаев, 79), Хижниченко.

Қосалқы құрам: Багинский, Воменко, Әлімбаев, Ермеков, Шахметов.

Төрешілер: Сахи (Қызылорда), Филоненко, Полуэктов (екеуі де – Тараз).

20 тамыз. Алматы, «Орталық». 6300 көрермен.


Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика