Вернуться к списку статей

Теңбіл доп пен жасыл алаңның тәжірибелі маманы еді...

Футбол
2K
Юрий Хакимов 82-ге таяған шағында дүние салды...
Қазақстан футболының аяғына тұруына үлес қосып, елеулі еңбек сіңірген мамандар аз емес. Солардың бірі Юрий Акимович Хакимов болатын...

Юрий Хакимов 2016 жылы 25 желтоқсан күні қайтыс болды. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында тірлік күйбеңімен футбол ардагерінің өмірден өткенін көп ешкім білмей де қалды. Қазанама (некролог) берген басылымдарда – ілеуде-біреу.

Енді, марқұмның қырқы 28 қаңтар күні Алматыда беріледі. Қызылордадағы әріптестері, шәкірттері еліміздегі футбол мамандарына құлаққағыс етіп, ұстаздарының есімін ескерусіз қалдырмай, рухына тағзым етуді қолдарына алып отыр. Осы ретте, біз де Юрий Хакимовтің өміріне аз-мұз тоқталып өткенді жөн санадық.    

Юрий Акимович Хакимов 1935 жылы 18 ақпанда Ташкентте дүниеге келген. Үш жасында анасы қайтыс болады. Атасы мен әжесінің қолында өседі. Мектепті үздік бітіріп, Ташкенттегі математика және ақпараттық технология университетінің физика-математика факультетіне түседі.

Футбол ойнағанды ұнататын бозбала осы жоғары оқу орнының командасында өнер көрсете бастайды. Ал сәл кейінірек, яғни 17 жасында Ташкенттегі «Пищевик» клубының сапына алынады.

Бірақ ауыр жарақат алып қалып, доп тебуден қол үзуге мәжбүр болады. Бірақ әскери борышын өтеп келген соң төреші болып, футбол матчтарына қазылық ете бастайды. Ал 24 жасында бапкерлік карьерасын бастайды. Алғашқы командасы СКА (Ташкент) ұжымы болады.


Жас кезі...

Осылай тәжірибе жинақтап, өсе бастаған жас бапкерді 1966 жылы сол кезде КСРО-ға әйгілі АДК командасы өзіне шақырады. Алматы үй құрлысы комбинатының басшысы Лев Новактің шақыртуымен Алатау бөктеріне келеді.

Көп ұзамай «Торпедо» (Көкшетау) командасын жаттықтырады. Ал үш жылдан кейін Алматының «Қайратында» жаттықтырушы болып жұмыс істей бастайды. Өздеріңіз білесіздер, дәл осы кезеңде «Қайрат» қазақ футболы тарихына халықаралық аренадағы алғашқы жетістіктерін енгізіп, 1971 жылы Теміржолшылардың халықаралық спорттық одағы кубогын жеңіп алған болатын.       

1973 жылы Хакимовті қайыра Ташкент шақырып, Өзбекстан футбол федерациясының тізгінін қолына ұстатады. Бірақ ол кабинетте ұзақ отыра алмайды. Ішкі дүниесі стадионға, футбол командасына тартады да тұрады.

1974 жылы Қарағандының «Шахтері» команда басшысы болуға шақырса да, Семейден бір-ақ шығады. «Спартакқа» барып, Евгений Валицкийге көмекші болады. Ал семейліктер 1977 жылы КСРО чемпионатының 2-лигасындағы 6-аймақта топ жарады.

1978 жылы жоғарыда аталған Лев Новак «Ақтөбеауырқұрылыс» бірлестігіне басшы болып барады да, Хакимовті өзіне тағы шақырады. Шыңдалып қалған маман енді «Актюбинец» командасының бауырын жазады. Ақтөбеліктер үш жыл қатарынан республикамыздың 2-лигадағы үздік командасы атанып, 1981 жылы 7-аймақта топ жарады.

1986 жылдың мамыр айынан бастап, Хакимовтің Қызылордадағы игілікті еңбек жолы басталады. Жергілікті «Мелиоратор» командасының тізгінін қолына алып, үнемі көш соңында жүрген ұжымның ойынын түлетеді.

Сол кездегі Қызылорда облыстық комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбековтің сенімін ақтап, жаңа заманға сай футбол клубының үлгісін құра бастайды. Оқу-жаттығу жиынын өткізетін база, жаттығатын алаң салдыртып, жергілікті жастарды тарта бастайды. «Мелиоратор» тіпті шет елдерге шығып, жолдастық кездесулер өткізіп тұрады...

Хакимовтің тұсында 16 жастағы 9-сынып оқушысы Қайыржан Әбуов, 17 жастағы бозбалалар Ерлан Өткелбаев, Қайрат Сәрсенов және Ерлан Нұрғалиев, 18 жастағы Нұрлан Әбуов, Сұлтан Әбілдаев сынды өскелең ұрпақ көзге түсе бастайды.

Ал Әбіл Қалымбетов, Нартай Күлімбетов, Марат Есмұратов, Тілеухан Тұрмағамбетов, Пернебай Кенжебаев, Серик Пірімжанов, Сергей Когай, Роман Титов, Вячеслав Пуль, Вячеслав Смоляков сынды жігіттер өрнекті ойын үлгісін көрсете бастайды.

Бұларға Каландар Ахмедовті, Қызылордадан шыққан ең бірінші ФИФА төрешісі Акмаль Холматовты, кейіннен «Пахтакор» мен Өзбекстан құрамасының капитаны болған Фархад Магометовті, жергілікті көрермендердің ең сүйікті ойыншысы Қадыр Ибрагимовті және басқаларды қосуға болады.


Құрбан Бердыевпен бірге...

Сол жылдары Қызылордадағы Ғани Мұратбаев атындағы 15 мың көрермендік стадион аузы-мұрнынан шыға толатын. 1989 жылы «Мелиоратор» командасына арналып, тура стадионың жанынан заманына сай екі қабатты спорттық база салынады...

Жалпы, Юрий Хакимов жасыл алаңдағы желекке ерекше көңіл бөлетін болған. Көгалдың да бабын тауып, сапасын артыра білген жан. Қай қалада жұмыс жасаса да, жасыл желекті күтімге алуға айрықша назар аударып отырған. Осы саланың көп-көрім маманына да айналған.

Кезінде Қызылордадағы футбол алаңын ауыстырған (қайта құрылымдаған) кезде, сол кезде басқа қалада еңбек етіп жүрген Хакимовті арнайы шақыртқан. Тіпті «Рубин» клубының бас бапкері Ресейдің екі дүркін чемпионы Құрбан Бердыев та Қазандағы орталық стадионның жасыл алаңын қайта құрылымдаған кезде, өзінің байырғы досы Хакимовті арнайы шақыртып алған.

Қара жер хабар ете көрмесін, кейбіреулер Юрий Акифовичті мінезі ауырлау адам болатын дейді. Бірақ ол өз ісінің кәсіби маманы, білімді және білікті, сегіз қырлы бір сырлы, ой-өрісі кең тұлға болған. Мұны ешкім де жоққа шығара алмайды.

Артында ұлы және екі қызы, олардан тараған немерелері қалды. Олар өздерінің әкелерін, аталарын мақтан тұта алады. Ал Қызылорда футболында Юрий Хакимовтің өшпес ізі, қайталанбас ісі, ұмытылмас еңбектері мәңгілікке сақталып қалды. Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын, Юрий-аға!

Әлібек Байшүленов, Қызылорда

Автор: Әлихан Жаппар
Яндекс.Метрика