«Тобыл» тағы да бас бапкер таңдауда жаза басқандай. 15 айдың ішінде үшінші рет бас жаттықтырушысын ауыстырды. Шілде айының басында команда тізгінін қолына алған Ресей маманы Роберт Евдокимов те Қостанай клубының ойынын түлете алар емес.
Рас, Евдокимов келген бетте «Тобыл» екі рет жеңіске жетті. Түзде «Ертісті» (1:0), өз алаңында «Ақжайықты» (2:0) жеңді. Алайда, содан кейін кежегесі кері тартып, сырта алаңда үш рет қатарынан ұтылды. «Астана» екі гол соғып, «Атырау» мен «Қайсар» бір доп айырмасымен басым түсті.
Түздегі осы үш ойында «Тобыл» бірде-бір гол соға алмады. Бүгінгі матчтың 72-минутында «Тараздың» қақпасына бір доп салды. Бірақ пенальтиден. Сөйтіп, шамамен алты сағат (358 минут) бойы гол соға алмай жүрген қостанайлықтар өз жанкүйерлерін қуантқан.
Осы ретте айта кетуіміз керек, пенальти «Тараздың» қорғаушысы Бекзат Шадмановтың «Тобылдың» капитаны Нұрбол Жұмасқалиевті итеріп қалғаны үшін берілді. Төреші мұнымен шектелмей, оған сары қағазын көрсетіп, екінші рет ескерту жасады. Бұған дейін бір ескертуі болғандықтан, ол алаңнан қуылды.
Сөйтіп, «Тараз» кем құрамда қалды. «Тобыл» енді қарқынын үдетіп, басымдық танытса керек еді. Бірақ олай болмады. Керісінше, қонақтар алға қарай лап қойып, таразы басын теңестірді. Малик Мане алаң иелерінің қорғаушыларын да, қақпашысын да қапы қалдырды.
Бір ойыншысы артық «Тобылға» тағы бір гол соғуға болатындай уақыт бар еді. Ад да емес-тін. Алайда алаң иелері қонақтарының қорғанысын бұза алмады. Шабуылдары пәрменсіз, жылдамдықтары тым төмен болды. Матч соңында жанкештілік тантытқан «Тараз» ойыншылары Қостанайдан бір ұпай олжалап қайтты.
«Тобыл» – «Тараз» – 1:1 (0:0)
Голдар: Квеквескири, 72-пенальтиден (1:0). Мане, 77 (1:1)
Ескертулер: Мирошниченко, 24. Шадманов, 32. Молдақараев, 57. Жалмұқан, 65. Горбанец, 70. Шиков, 90+5.
Алаңнан қуылды: Шадманов, 70 (екінші ескерту)
«Тобыл»: Непогодов, Жақыпов, Жулпа, Шиков, Мирошниченко, Квеквескири, Вух (Жарынбетов, 46), Ллуллаку, Жалмұқан (Джалилов, 82), Жұмасқалиев, (к) (Бекич, 77), Молдақараев.
Қосалқы құрам: Бұсырманов, Кассай, Шұбаев, Гурман, Щеткин, Левин.
«Тараз»: Бабаханов, Әмірханов (к), Шадманов, Шипицин, Миюшкович, Горбанец, Диара, Зайнутдинов, Қожамберді (Байжанов, 83), Морис (Эргашев, 72), Мане (Фещук, 90+1).
Қосалқы құрам: Логиновский, Молтусинов, Нұралы, Хайруллин, Қарпық, Горячий.
Төрешілер: Сариев (Орал), Әубәкіров (Астана), Бейжанов (Петропавл).
20 тамыз. Қостанай, «Орталық». 6300 көрермен.