Вернуться к списку статей

Максим Жалмағамбетов – "Селтик" Шотландия чемпионатында ғана батыр

Футбол
1K
Максим Жалмағамбетов –
Қазақстан ұлттық құрамасының және "Жеңіс" футбол клубының экс-қорғаушысы Максим Жалмағамбетов ертеңгі "Селтик" – "Астана" ойыны туралы өз ойымен бөлісті.

Ертең Глазгода елордамыздың «Астанасы» жергілікті «Селтикке» қарсы Чемпиондар лигасы плей-офф кезеңінің алғашқы ойынын өткізеді. Жерлестеріміздің мүмкіндігі жайында және шотландиялықтарды қалай жеңуге болатындығы жөнінде ұлттық құрамамыздың экс-қорғаушысы Максим Жалмағамбетов айтып берді.


– Максим, «Астананың» Глазгодан бізге тиімді есеппен оралу мүмкіндігін қалай бағалайсыз?

– Қалай болған күнде де бірінші ойын «Астана» үшін өте қиын болады. Өйткені, «Селтиктің» өз алаңындағы ойындарында жанкүйерлер әрдайым көп жиналады. Глазгода жерлестерімізге «Селтиктің» толассыз шабуылдарына ғана емес, фанаттарының қысымына да төтеп беру қажет. Дегенмен, «Астана» да соңғы ойындарын сәтті өткізіп жүр. Қазір бұл командада шеберлік қана емес, тәжірибе де бар. Меніңше, елордалықтарға «Селтикпен» ойнау былтырғыға қарағанда биыл оңайырақ болады.

– Қалай ойлайсыз, жерлестеріміз стадион толы жанкүйерлердің қысымына төтеп бере ала ма?

– Жанкүйерлердің «Оле-оле, «Селтик» деген айқайынан шошып кететін біздің футболшылар түк көрмеген емес қой. Біздің кезіміздегі футболшыларда халықаралық ойындар аз болған. 60 мың жанкүйер шынымен де біз үшін қорқынышты болатын. Ал қазір елорлық команда ойыншыларының көбі ұлттық құрамаларда ойнайды. «Астана» да талай рет фанатқа толы стадиондарда ойнаған. Сондықтан, футболшыларымызға қиын болады деп айта алмаймын. Рас, аздап қолайсыздық туғызуы мүмкін. Бірақ, фанаттар ойын тағдырын шеше алмайды.

– «Селтик» соңғы рет өткен жылдың 23 қарашасында «Барселонадан» жеңілген екен. Содан бері 42 ойын өткізіп, бірде-бір ойында жеңілістің кермек дәмін татып көрмепті...

– Сіз «Селтиктің» Шотландия чемпионатындағы ойындарын айтып отырсыз ба?  

– Чемпиондар лигасының биылғы іріктеу ойындарын қоса есептегендегі статистика ғой. Әйтпесе, Шотландия чемпионатында өз алаңында 2015 жылдың желтоқсанынан бері ұтылмаған.

– Дұрыс түсініңіз, дәл қазір Шотландияда «Селтикке» бәсекелес жоқ. Ол чемпионатта Алматының «Қайратын» айтпағанда «Ордабасы» мен «Ертіс» те жүлдегерлер қатарында болар еді. Сондықтан, «Шотландияда 2015 жылдан бері ұтылмапты» деп «Селтиктен» қорқудың қажеті жоқ. Халықаралық ойындарын қарау қажет. Биыл олар Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңдерінде «Русенборгтан» басқа мықтымен кездеспеді. Ал былтыр Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шыққанымен өз тобында соңғы орын алып қалған. Яғни, «Астанаға» мұндай статистикаларға мән берудің қажеті шамалы.

– Енді ертеңгі ойында «Астанаға» қандай кеңес бересіз? Глазгода жерлестерімізге қалай ойнау қажет?

– «Астанаға» менің кеңесімнің қажеті жоқ қой. «Селтикке» қарсы қалай ойнау керектігін Станимир Стойлов менен артық біледі. Командада ұшқыр Патрик Твумаси бар. Алғы шепте Джуниор Кабананга да әр допты аңдып жүреді. Орталық жартылай қорғаушылар Ласло Кляйнсхайслер, Срджан Граховац және Иван Маевский үштігі де маған ұнап жүр. Жақында ғана командаға қосылған Марин Томасовтың да ойыны жақсы екен. Ең бастысы, жерлестерімізге Глазгода бір гол соғып алу қажет. Сондай-ақ, қорғанысқа берік болған жөн.

– Марин Томасов деп айтып қалдыңыз. Ол «Астананы» күшейте ала ма?

– Күшейте алады. Бекер бір күтпеппіз. «Астананың» «Ақтөбемен» болған ойынын ПФЛК-ТВ арқылы телефоннан көрдім. Байланыс нашар болған соң жиі үзіле берді. Бірақ, соның өзі Томасовтың ойынына баға беруге жеткілікті болды. Оң қапталда мықты ойнайды екен. Рас, үш айдай алаңға шықпаған. Бабына келу үшін әлі уақыт керек.

– Сонымен, сіздің болжамыңыз: «Селтик» – «Астана», Шотландиядағы ойын қандай есеппен аяқталады?

– Меніңше, ойын тең аяқталатын сияқты. Командалар бір-бір голдан алмасуы мүмкін. Дегенмен, Глазгода бір доп айырмашылығымен жеңілуіміз де ғажап емес.

– Демек, тектетірес тағдыры «Астана-Аренада» шешіледі деп ойлайсыз ғой?

– Иә, солай ойлаймын. «Астана-Аренада» біздің жігіттер барын салып, жеңісті ғана емес, Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдаманы жұлып алулары тиіс. Рас, қалай болған күнде де биыл қысқа дейін еуротурнирді тамашалаймыз. Дегенмен, мұндай мүмкіндік күнде келе бермейді. Егер «Селтикті» өтсек, Қазақстанға «Реал», «Барселона», «Манчестер Юнайтед» сынды алпауыттар келуі мүмкін. «Астанаға» мұндай мүмкіндікті жібермеу керек. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика