Вернуться к списку статей

Бірінші лига. Көшбасшылар өзара келісіп алған ба?

Футбол
1K
Бірінші лига. Көшбасшылар өзара келісіп алған ба?
Бірінші лигада бірден екі сенсация. Турнир кестесінің көшбасшылары «Жетісу» мен «Қайрат А» өзара келісіп алғандай кезектесіп ұтылды.

«Қайраттың» жеңілісі себепті дейік. Өйткені, алматылықтардың биылғы маусымда жеңіліп жатқаны бірінші рет емес. Константин Головенко шәкірттері «Жетісудан» да, «Қызыл-Жар» мен «Мақтааралдан» да ұтылған. Оның үстіне, команданың негізін кіл жастар құрайды. Олардың ойындары да бірде көл, бірде шөл болатыны белгілі. Сондықтан, Ақтауда Амандық Нәбихановтың 3-ші минутта соққан голына сол күйі лайықты жауап қата алмай, «Каспийден» 0:1 есебімен жеңіліп қалуын түсіністікпен қабылдадық.

Алайда, «Жетісудан» мұндай жігерсіздік күтпеген едік. Әлде, тойынды ма? Турнир кестесінде еркін көш бастап, биылғы маусымда жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген команда өз алаңында басты аутсайдер «Екібастұздан» ұтылып қалғанда «Жетісудан» жеріп кеткендер де табылған шығар. Георги Нариманидзе 71-ші минутта голды пенальтиден соқты. Дегенмен, шынтуайтына келгенде Дмитрий Огай шәкірттері «Екібастұзды» жеңу үшін ешнәрсе де жасаған жоқ.

Рас, турнир кестесінде «Жетісуды» қуып жетер команда әлі де көрінбейді. Алайда, «Қайрат» академиясын артқа тастап, «Қызыл-Жардың» екінші орынға көтерілуінің өзі үлкен жаңалық. Шымкенттің «Қыранына» қарсы ойында біріншіліктің басты сұрмергені босниялық Бошко Ступичтің дублі «Қызыл-Жарға» маңызды үш ұпай сыйлап қана қойған жоқ, турнир кестесінде екінші орынға көтерді. Осылайша 29 ұпай жинаған Владимир Фомичев шәкірттері 40 ұпайы бар «Жетісуды» қуып жете алмаса да, «Қайрат» жастарын жеткізе қоймас.

Жалпы, айта кету керек, 17 тур голға тым сараң болды. Төрт ойында алты-ақ доптың соғылуы осының дәлелі болса керек. Онда да «Жетісу» қақпасына гол пенальтиден кірді. Ал «Мақтаарал» тіпті, қарсыласы «Шахтер-Болатты» автоголдың арқасында ұтты. Жетісайдың Қажымұқан атындағы стадионда Владислав Ахмеев өз қақпасына гол кіргізіп алды.

Бірінші лига

17-тур

«Каспий» (Ақтау) – «Қайрат А» (Алматы) 0:1

Гол: Амандық Нәбиханов, 3.

«Жетісу» (Талдықорған) – «Екібастұз» 0:1

Гол: Георги Нариманидзе, 71-пен.

«Қызыл-Жар» – «Қыран» (Шымкент) 2:1

Голдар: Бошко Ступич, 29 (1:0). Бошко Ступич, 49 (2:0). Нұрсайын Жолдасов, 87 (2:1).

«Мақтаарал» (Жетісай) – «Шахтер-Болат» (Қарағанды) 1:0

Гол: Владислав Ахмеев, 34-автогол.  

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика