«Шахтер» (Қарағанды) – «Ордабасы» (Шымкент) 2:1
Голдар: Нұрғалиев, 60 (0:1). Габышев, 61 (1:1). Сзоке, 80 (2:1).
«Бүгін біз стандартты жағдайларда қалай қорғануға болмайтынын көрсеттік», - деді матч соңында «Ордабасының» бас бапкері Алексей Петрушин. Расында да, қонақтар екі голды да айып соққысы кезінде жіберіп алды. Және, екі голды да қарағандылықтар баспен соқты.
Ал ойын өте қарқынды басталған. Егер барлық мүмкіндіктерді голға айналдырғанда алғашқы жиырма минутта-ақ таблода алаң иелерінің пайдасына 3:1 есебі жарқырап тұрар еді. Алайда, Хижниченко да, Сзоке мен Стоянович те өздеріндегі мүмкіндіктерді кәделеріне жарата алмады. Ал «Ордабасы» сапынан Йорданов әріптестері ұйымдастырған тамаша шабуылдан нәтиже шығара алған жоқ.
Әйтсе де, есепті «Ордабасы» ашты. Еркебұлан Тұңғышбаевтың оң қапталдан орағытып, Азат Нұрғалиевтің аяғына салып берген добынан кейін Алексей Петрушин шәкірттері алға шыққан. Алайда, арада бір минут өтер-өтпестен таразы басы теңесті. Серб Милан Стояновичтің айып соққысынан асырылған пасына басын дәл тосқан Михаил Габышев болатын. Ал екінші голды қарағандылықтар чех Иржи Валентенің айып соққысынан кейін соқты. Чехтің әуелете асырған пасы тағы бір чех Якуб Хлебоунның басына жетіп, одан серпілген допты қақпаға словак Юлиюс Сзоке қадай салды. Қорытынды есеп 2:1, «Шахтер» ақырын болса да турнир кестесінде жоғары көтеріліп келеді.