«Хиромен» болған кездесуге журналистермен қатар, Кереку клубының жанкүйерлері шақырылды. Клуб басшылығы мен футболшылары болгарлиялық маманға естелік шапан сыйға тартты.
– Құрметті жанкүйерлер, қымбатты ойыншылар, қадірлі «Ертіс» футбол клубының басшылығы! Аса қатты эмоцияға берілгенде, сөз табудың өзі қиын екен. Бұл менің өмірімдегі ең қиын шешімдердің бірі. Маған өте ауыр соқты. Қазақстанда қалғым келгені рас, бірақ барлық нәрсе маған байланысты емес. Соны түсінсеңіздер деп ойлаймын.
Мен өзімді Павлодардың бір бөлігімін деп есептеймін. Оған қоса, бұл қаланың құрметті азаматымын. Қазақстанды екінші Отаным, Павлодарды екінші қалам деп есептеймін. Сіздердің маған деген ықыластарыңызға деген алғысым шексіз. Өмірімнің соңына дейін «Ертіс» жанкүйерлерін жақсы көріп өтемін. Мен үшін адамгершілік қасиет бірінші орында. Ол, тіпті, чемпиондықтан жоғары, ешбір титулмен өлшенбейді. Осындай шешімге түсіністікпен қарағаны үшін клуб басшылығына алғысымды білдіремін. Қайталап айтайын, маған өте ауыр, бұл туралы сөз қозғау қиын. Тағы да қайталап айтамын, Павлодарды және командамызды ешқашан ұмытпаймын,– деді Димитров.
Айта кетейік, Димитар «Ертістің» тізгінін 2015 жылдың маусым айында ұстады. Өткен жылы оның командасы ел чемпионатының қола жүлдегері атанып, 2017/2018 жылғы Еуропа лигасында өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Биылғы маусымда Димитар бапкер 28 ойын өткізіп, 12 рет жеңіске жетті. Сондай-ақ 8 матч тең есеппен аяқталса, тағы 8 кездесуде қарсылас командаға есе жіберген.
Уақытша бас бапкердің міндетін атқарушы болып, Сергей Климов тағайындалды. Ол бұған дейін Димитровтың бапкерлер штабында қызмет еткен.