«Астана» футбол клубының сайты Марин Томасовты Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасына ресми түрде тіркегені туралы жариялады. Енді ол ел чемпионатының ойындарына қатыса алады.
«Астана» ФК Баспасөз қызметінің түсіндіруінше, Томасовтың тіркеуінің кешіктірілуі бұрынғы клубының кесірінен болған. Нақты айтсақ, футболшының бұрынғы клубы Сауд-Арабиясының «Әл-Насыры» ТМS Халықаралық трансфер жүйесінің ережелерін сақтамаған. Сондықтан, аталмыш дауды мәдениетті түрде шешу үшін «Астана» футбол клубы ФИФА-ның құзырлы органдарына жүгінген.
Ал бүгін Марин Томасовтың трансферлік сертификаты Қазақстан футбол федерациясына тапсырылды. Енді ол бүгіннен бастап ел чемпионатының ойындарына қатысуға құқылы. Яғни, бүгін оны «Ақтөбе» – «Астана» кездесуі кезінде алаңнан көріп қалуымыз әбден мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, «Әл-Насырда» жалға ойнаған Томасовтың трансферлік құқығы Хорватияның «Риека» командасына тиесілі. Футболшы өткен маусымда Хорватия чемпионатының үздік ойыншысы атанып, ұлттық құрамаға шақырту алған. Жартылай қорғаныстың қос қапталында да еркін көсіле алады. Естуімізше, «Астана» футбол клубының басшылығы бұл хавбекке Бауыржан Жолшиевті он орап алатын ойыншы ретінде үміт артып отырған көрінеді. Трансферлік бағасы жөнінен Қазақстан чемпионатында 2,5 миллиондық Жерар Гоудан кейінгі екінші орында тұрған Марин Томасов «Астана» сапында 14-ші нөмірде өнер көрсетеді.
Әзірге хорваттың «Астана» үшін Чемпиондар лигасында ойнауға қаншалықты құқылы екендігі белгісіз.