Вернуться к списку статей

"Астана" – "Ордабасы". Чемпион мен жай команданың айырмашылығы осындай ойында байқалады

Футбол
1K
Футболдан Қазақстан чемпионатының бірінші кезеңі мәресіне жетті. Соңғы турда «Ордабасыны» қабылдаған елорданың «Астанасы» төреші қосқан қосымша уақыттың соңғы минутында жеңісті жұлып алды.

«Астана» – «Ордабасы» (Шымкент) 1:0

Гол: Асқат Тағыберген, 90+3.

«Астана-Аренада» 22-ші турдың кейінге шегерілген ойыны өтті. Ел чемпионы «Астана» Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубын қабылдаған. Әу баста белгілі болғандай, Бақтияр Байсейітов алаңға колумбиялық Роджер Каньясты шығарған жоқ. Қолымызда бар бейресми ақпараттарға сүйенсек, Каньяс пен «Ордабасының» арасындағы келісімқұжатта «Астанаға» қарсы ойынға қатыспайды деп жазылған көрінеді-мыс. 

Ал «Астана» жарақат алып қалған ойыншыларынан бөлек, алаңға бар мықтыларын шығарды. Тіпті, Станимир Стойлов әне-міне Түркияға кетеді деп жүрген Патрик Твумасиді де бірінші минуттан бастап ойынға қосты. Негізгі құрамнан тек қақпашылар ғана ауысыпты. Александр Мокиннің орнын бұл жолы Ненад Эрич басты. Дегенмен, соңғы кездері Стойлов ел чемпионатында Эричке де мүмкіндік беріп жүр.

Ал ойын бір сыдырғы басталды. Чемпиондар лигасының қарсаңындағы матч болған соң ба, «Астана» да алға атойлап шапқан жоқ. Түзде чемпиондарға қарсы шамасы жетпесін білді ме, «Ордабасы» ойыншыларының да өлермендігін көрген жоқпыз. Тек екінші таймда Бақтияр Байсейітов шабуылшыларына қамшы салды. Алда шапқылап Йорданов пен Фонтанелло жүр. Бірақ тырысып жүрген сол баяғы Тұңғышбаев. Бірақ, әккі Логвиненко мен Постниковке қарсы не істей алсын? Нұрғалиев пен Нөсербаевсыз оның да ойыны жүрмеді. 

Ал Станимир Стойлов сасқан жоқ. Шәкірттері дарап тұр. Қажет кезде қысып-қысып алады да, қайта демалып алады. Ерте ме, кеш пе, гол соғатындарына сенімді секілді. Соңғы минуттарда тағы да алға атойлаған «астаналықтардың» соңғы шабуылы ақыры өз нәтижесін берді. Ойынға тыңнан қосылған Асқат Тағыберген қорғаушылардың басынан кері серпілген допты қабылдады да, жерге түсірместен допты зымыранша қақпаға қақырата тепті. Алмат Бекбаев қимылдап та үлгермеді.

Осылайша, «Астана» кезекті жеңісіне де еш қиналмастан жетті. Дәл қазір олар ел чемпионатының бірінші кезеңінен кейін 54 ұпаймен басты бәсекелесі «Қайратты» 7 ұпайға артта қалдырып, турнир кестесінде жеке-дара көш бастады.

Алайда, Станимир Стойловтың да әлі бас ауыртар мәселелері жеткілікті секілді. Бірінші кезекте бұл Патрик Твумасиге қатысты. Өзіне Түркияның «Бурсаспоры» қызығып жүргенін естіген Патрик бүгінгі ойынды мінез көрсетумен өткізді. Ал ойыннан кейін өзге әріптестерімен бірге жанкүйерлерге барып, алғыс айтқан да жоқ. Иә, «Селтикпен» болар маңызды матчтың қарсаңында команда ішіндегі мұндай алауыздықтың қажеті жоқ еді. Дегенмен, шәкірттерінің психологиясын әбден біліп алған Стойлов Твумасидің де аптығын басады деген үміттеміз. Ол былтыр да бір рет Твумасиді тәрбиелеген болатын.


Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика