Вернуться к списку статей

Ұлттық құрамада бас бапкер ауыса ма, Қонысбаев қайта бабына келе ала ма немесе 2017 жылға 17 сұрақ

Футбол
2K
Ал сіздің 2017 жылғы ел футболына қандай сұрақтарыңыз бар?
2017 жылға да аяқ бастық. Әлбетте, жаңа жыл, жаңа маусым жаңа жаңалықтарын сыйлайтыны анық. Дегенмен, біз 2017 жылы жанкүйерлерді қызықтыратын 17 сұрақты әзірлеген едік.

Васильевтің хикаясы немен аяқталады?


Қараша айының басында қамауға алынған Дмитрий Васильевтің хикаясының жалғасын 2017 жылы тамашалайтын сияқтымыз. Оның ендігі тағдырының не болатындығы шынымен де қызық. Естеріңізге сала кетейік, «ресейлік гастарбайтерге» «Ақтөбе» футбол клубының бюджетінен 300 миллионнан астам теңгені жымқырды деген айып тағылуда. Егер кінәсі расталса, бірнеше жылға түрмеге жабылуы мүмкін. Алақандарын ысқылап жүргендер көп. Немен аяқталар екен, ә?

Федерация басшылығында өзгеріс болуы мүмкін бе?


Негізі Ерлан Қожағапанов Федерация басшылығында 2018 жылдың соңына дейін отыруы тиіс болған. Ешкім оны табан асты «оқуға кетеді» деп ойлаған жоқ. Осылайша Қазақстан футболында бәрі кенеттен өзгеріп кетуі мүмкін екендігіне тағы бір рет көз жеткіздік. Әлбетте, «Федерация басшылығында өзгерістер болуы мүмкін бе?», - деп дәл қазір сәуегейлікке бармай-ақ қояйық. Дегенмен, бұл да бізді қызықтыратын көптеген сұрақтардың бірі.

Ұлттық құрамада бас бапкер ауыса ма?


Жо-жоқ, Талғат Байсуфиновтен құтылғымыз келіп тұрған жоқ. Қайта ұлттық құрамамызды ұзағынан жаттықтырса екен дейміз. Дегенмен, Байсуфиновтің бас бапкерліктен кетуі мүмкіндігі туралы әңгіменің шыққаны кеше ғана емес. Көптен бері айтылып жүр. Ұзынқұлаққа сенсек, Талғат Маруанұлы ұлттық құрамадағы тағдыры наурыз айында шешілмек екен. Бұл қызметте қала ма, жоқ па, басқа бапкер кім болмақ? Міне, бұл да осы жылдың ең басты сұрақтарының бірі. 

Неманья Максимович Еуропаның қай клубына ауысады?


Испанияның «Севильясы» мен «Валенсиясы», Италияның «Рома», «Милан», «Интер», «Торино», «Дженоа» клубтары, Францияның «Олимпик», «Лион», «Нант» және «Монакосы», Германияның «Нюрнберг», «Гамбург» және «Айнтрахт» командалары, Англияның «Манчестер Юнайтеді» мен «Вест Хэмі», Португалияның «Спортингі» мен «Бенфикасы», Ресейдің «Спартагы» мен «Зениті», Хорватияның «Динамосы», Швейцарияның «Базелі». «Астананың» жартылай қорғаушысы Неманья Максимовичті өз қатарында көргісі келетін командалар әзірге осылар. Серб таланты осылардың қайсысына ауысар екен? Әлде «Астанада» қала ма?

«Астана» мен «Қайрат» трансферді «жара ма»?


Жыл сайын «Астана» мен «Қайрат» маусым басында өз жанкүйерлерін ірі трансферлермен қуантып жатады. Алғашқыларының сапында жаңадан құрылған жылдары Егор Титов, Андрей Тихонов сынды ресейлік жұлдыздар ойнады. Неманья Максимович пен Патрик Твумасиді де осы қатарға жатқызуға болатын шығар. Ал «Қайрат» алдымен Украинадан Анатолий Тимощукті шақыртты. Былтыр Андрей Аршавинмен таңғалдырды. Дегенмен, екі ТОП клубымызға Аршавиндердің деңгейінен асатын кез келді. «Астана» мен «Қайрат» жанкүйерлерді ірі трансфермен таңғалдыра ала ма?

Еуропада доп тебетін қазақ табыла ма?


Қазақстан чемпионатынан Еуропаға кетіп жатқан қазақстандық ойыншылар өте аз. Әлбетте, өз жерімізде бәсеке аз, оның үстіне, бізде ақшаны артығымен төлейді. Сондықтан, Еуропаға ұмтылып жатқан ешкімді көрмейсің. Бәлкім, осы жылы бір өзгеріс орын алып, Исламхан, Нөсербаевтардың бірін «Кәртамыс құрлықтағы» еңселі чемпионаттардың бірінен көріп қалармыз?..

«Астана» мен «Қайрат» еурокубоктың негізгі кезеңіне шыға ала ма?


Елорданың «Астанасы» екі жыл қатарынан еурокубоктың негізгі кезеңінде ойнады. 2015-те Чемпиондар лигасының топтық турниріне шықса, былтыр Еуропа лигасының негізгі кезеңіне дейін жетті. Биыл да «Астана» Чемпиондар лигасында атой салғысы келетіні анық және оларға сенеміз. Ал «Қайрат» ше? Қатарынан үш жыл Еуропа лигасының іріктеу кезеңінен аса алмай келе жатқан алматылықтар да негізгі кезеңді аңсайды. Армандарына жететін уақыт та болды. Бірақ биыл оларды топтық турнирден көре аламыз ба?

Ұлттық құрама өз тобында қанша ұпай алады?

 

2017 жылы Қазақстан ұлттық құрамасы әлем чемпионатының іріктеу додасы аясында алты ойын өткізеді. Өз алаңымызда Дания, Қаратау және Армения құрамаларын қабылдап, Польша, Румыния және Арменияға қонаққа барамыз. Әзірге ұлттық құрамамыз өз тобында екі ұпаймен соңғы орында тұр. Дегенмен, Қазақстан футбол федерациясының экс-президентінің Талғат Байсуфиновтың алдына қойған тапсырмасы әлі есімізде. Әлбетте, «әлем чемпионатының финалдық кезеңіне шыға аламыз ба?» демей-ақ қоялық. Алайда, іріктеу додасын қай орында аяқтайтынымыз шынымен де қызық болып тұр.

«Алтайдың» Премьер-лигадағы алғашқы маусымы қандай болмақ?


Алғашқы маусымында-ақ фурор жасап, жасыл алаңда да, алаң жиегінде де жеңіске жете алатынын дәлелдеген «Алтай» биыл Премьер-лигада ойнайды. Облыс басшылығы бірден үздіктер қатарынан көріну туралы тапсырма қойып жатыр. Клуб басшылығының да амбициясын жақсы білеміз. Сондықтан, «Алтайдың» Премьер-лигадағы алғашқы маусымы қандай болатыны шығыстықтар үшін ғана емес, біз үшін де қызық.

«Ақтөбе» алыптар қатарына қайта қосыла ма?


Васильев келгелі ме, әлде әкім ауысқалы ма, бәлкім, басқа да себептері бар ма, әйтеуір «Ақтөбе» талай жыл қасықтап жинаған бар абыройынан айрылды. Әйтпесе, қандай клуб еді, ә? Дегенмен, әлі де кеш емес. Жанкүйерлер еліміздің бес дүркін чемпионынан жанкүйерлер бұрынғы ойынды қайта күтеді.

Васильевтің орнын кім басады?


Екі жыл бойы Қазақстан футболындағы екі «клоунның» бірі болған Дмитрий Васильевтің орнын енді кім басар екен? Расымен де оған әбден «бауыр басып» қалған едік. 2017 жылы Қазақстан аренасында Васильев сияқты тағы біреу табыла ма?

Ұлан Қонысбаев баяғы бабына келе ала ма?

 

Өткен жылдың маусым айында Қытай мен Қазақстан ұлттық құрамалары арасындағы жолдастық кездесуде өте ауыр жарақат алған Ұлан Қонысбаевтың футболдағы болашағына сол кезде-ақ дәрігерлер мен сарапшылар күмәнмен қараған. Тіпті, енді доп теппейді дегендер де болған. Бірақ Ұлан алдымен Қытайда, одан кейін бірнеше ай Италияда ем алды. Ғаламтордағы әртүрлі видеолардан көріп жүрміз, ақырындап добы түзу ұша бастаған сияқты. Бірақ, Қонысбаев баяғы бабына келе ала ма?

Көкеев пен Жолшиевты қай клубтан көреміз?


Жамбыл Көкеев соңғы рет жасыл алаңға 2015 жылдың 3 қыркүйегінде шыққан. Еуро-2016 іріктеу додасының аясындағы Чехия – Қазақстан матчы болатын. Ойынның 88-ші минутында екі-үш минутқа алаңға шықты. Одан кейін Жамбылды жасыл алаңнан әлі көрген жоқпыз. Өткен жылы жазда «Ордабасыға» ауысқанын білеміз. Бірақ шымкенттіктер сапында да доп тепкен жоқ. Сол секілді Бауыржан Жолшиев те былтырғы маусымды «инстаграмда» өткізді. Таланты тасып тұрғанымен ақылдары аспай тұрған бұл екі футболшыны өз сапында көргісі келетін командалар қалды ма?

Самат Смақов футболмен қоштаса ма?


Желтоқсанның 8-і күні 38 жасын атап өткен Самат Смақов қанша жерден алты дүркін ел чемпионы болғанымен жасыл алаңда атой сала ойнайтындай қазір жас емес. Былтыр ұлттық құрама сапындағы соңғы матчын өткізді. Енді жалпы жасыл алаңмен де біржола қоштасатын күн де таяп қалды. Дегенмен, Смақов та 41-ге дейін кәсіпқой деңгейде доп тепкен Паоло Мальдинидің ерлігін қайталағысы келетіні анық. Сондықтан, бұл сұрақ шынымен де 2017 жылдың ең өзектілерінің бірі болатын шығар.

«Футбол үйі» салынып біте ме?


Өткен жылдың маусым айында ҚФФ-тың экс-президенті Ерлан Қожағапанов елордамызда салынатын «Футбол үйі» кешенінің жобасын таныстырған. «Хет-трик» бағдарламасы бойынша УЕФА бұл жобаның құрылысына 8 млн. евро бөлген. Ал Астана қаласының әкімдігі 3,5 га жер бөліп берген. Жоба бойынша бұл кешенде бірнеше алаңнан бастап футболға қажеттінің барлығы болуы тиіс. Ақырындап іргетасы да қалана бастапты.Жоспар бойынша 2017 жылдың соңына таман пайдалануға берілуі тиіс. Күтеміз.

Тым болмаса бір манеж салына ма?


Еліміздің әрбір қаласында 3 мың көрерменге арналған трибунасы бар жабық кешенді манеждер салуды Қазақстан футбол федерациясы алғаш рет 2012 жылы қолға алған. Сол арқылы 2013 жылдан бастап Қазақстан футболы «күз-көктем» жүйесіне өтуі тиіс болатын. Бірақ содан бері алты жарым жыл өтсе де, осы күнге дейін бірде-бір манеж салынған жоқ. Рас, әрбір аймақтық футбол федерациясының бағдарламасында бар жоба. Көпшілігінде 2016 жылы манеж дайын болуы тиіс деп көрсетілген. Бәлкім, биыл ең болмаса бір облыста, тым құрығанда бір манеж салынып болатын шығар?  

Клубтар саны қашан көбейеді?


2013 жылдан бері Қазақстан Премьер-лигасында 12 команда. Олардың санын тым болмаса, 14-ке дейін көбейту туралы ұсыныс әр маусымның соңында айтылып, кеңінен талқыға түскенімен әлі күнге тәуекел ете алмай жүрміз. Биыл да жылдың соңына таман бұл туралы тағы да жиналыстар өтіп, мәжілістер ұйымдастырылатыны анық. Бәлкім, ел чемпионатындағы командалар санын көбейту туралы ұсынысты осы жолы қолдауға ие болар?

Ал сіздің 2017 жылғы ел футболына қандай сұрағыңыз бар?

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика