Вернуться к списку статей

Станимир Стойлов – Бүгін "Астана" бірінші рет Еуропа футболына тән ойын көрсетті

Футбол
1K
Станимир Стойлов – Бүгін
«Мен мұндай «Астананы» бірінші рет көрдім. Бүгін жігіттер нағыз еурокубок додасына сай ойын көрсетті», - деп ағынан жарылды «Астана» – «Легия» матчынан кейін елордалық клубтың бас бапкері Станимир Стойлов.

– Команда бүгін жай ғана емес, жарқын жеңіске қол жеткізді. Өте тамаша ойнадық. Дегенмен, бұл осы текетірестегі елу пайыздық жұмысымыз ғана. Алда әлі тағы бір кездесу бар. Егер бүгін өзімізде болған мүмкіндіктердің барлығын голға айналдыра алғанымызда онда текетірестің тағдырын бүгін-ақ шешіп тастар едік. «Легия» ойыншыларының да тәжірибелі екені көрініп тұрды. Жауапты ойында бізге қысым қатты болады. Соған шыдауымыз қажет.

– Стадиондағы аншлаг футболшыларға қосымша қуат берген секілді көрінді. Сіз қалай ойлайсыз?

– Иә, ол да бар. Жанкүйерлерге ерекше алғыс білдіргім келеді. Өз алаңымызда ешқашан қолдауға кенде болған емеспіз. Әр ойын осылай көрерменге толы болады деп үміттенемін.

– Көптеген сәттерде бас төреші «Легияға» жақтасып, солардың пайдасына шешім қабылдап жатқан сияқты көрінді. Сізге де солай ма?

– Төрешінің жұмысына баға берер мен емес. Оның шешімдеріне ешқандай назар аудармадым. Есімде қалғаны Кабанангаға қарсы дөрекі ойнағанда төреші бірден ысқырып, біздің пайдамызға айып соққысын белгіледі. Ал сіз төреші қонақтарға болысты десеңіз, бұған толық құқыңыз бар. Арбитрлар алқасының жұмысына бағаны сіздер және УЕФА-ның инспекторлары баға береді.

– Латвияның «Спартагына» қарсы текетіресте «Астана» босаңсып ойнады. Ал бүгін бар күштерін салды. Қалай ойлайсыз, футболшылар өздерінің еурокубокта ойнап жүргендерін түсінді ме?

– Шынымды айтсам, мұндай «Астананы» бірінші рет көріп отырмын. Пастар да әдемі шығып, қарымта шабуылдарды да оңтайлы ұйымдастырып жаттық. Нағыз Еуропаға тән футболды көрсете алдық. Көңілім әбден толды. Тек қақпамызға оңай гол жіберіп қойдық. Дегенмен, мұны да түсінуге болады. «Легия» – өте тәжірибелі, құрамы шебер ойыншылармен толысқан команда. Алғы шептегі ойыншылары да алғыр. Кез келген мүмкіндікті голға айналдыра алатындай әлеуеттері бар.

– Джордже Деспотовичтің жарақаты қаншалықты ауыр?

– Әзірге Джордженің қанша уақытқа футболдан тыс қалғанын айта алмаймын. Ертең белгілі болатын шығар. Өкінішке қарай, оның жарақатынан кейін ойынға ерте өзгеріс енгізуге мәжбүр болдық. Бұл біздің жоспарымызда жоқ еді. Өйткені, Деспотовичтің ойыны жап-жақсы-ақ жүріп жатқан еді. Екі шабуылшымен өнер көрсетіп, әжептеуір қысым көрсетіп жатқанбыз.

– Қақпамызға жіберіп алған доп жағдайымызды қиындатып тұр. Польшада енді қандай тактиканы ұстанамыз?

– «Астана» әрдайым өз ойынын ұстануға тырысады. Команданы жаттықтырып жүргеніме үш жыл болды, ешқашан қорғанысқа жастық қойып жастанып жатып алған кезіміз болған жоқ. Сондай-ақ, ешқашан бас-көз жоқ шабуылға да шығып кетпейміз. Біз қорғанысқа да көңіл бөліп, шабуылда да өз бақытымызды іздеп, нағыз еуропалық футбол көрсетуге тырысамыз. Әлбетте, ол жақта бізді поляктардың орындауындағы орасан қысым күтіп тұр. Соның барлығына төтеп беруге тырысамыз.

– Жалпы, Варшавада бізге неден қауіптену қажет?

– Варшавада қауіптенетінім – өз командамның ойыны. Футболшылар өзіне сенімді, әрі ұйымшыл ойнауы тиіс. «Легия» комбинациялық ойынды жақсы көреді. Сондықтан, бізге оларды интеллектуалдық тұрғыда олардан қу болу қажет.

– Деспотовичті алмастырған Роман Муртазаевты екінші таймның соңында алып тастап, орнына қорғаушы Постниковты шығардыңыз. Роман шаршап қалды ма?

– Бірінші таймда Муртазаев өте белсенді болды. Қорғаныста да көмектесіп, шабуылда да жақсы ойнады. Алайда, екінші таймда шаршап қалды. Қарымта шабуылдар кезінде қорғаныста қалып қойып жатты. Сондықтан, оны алмастыруға тура келді. Жалпы, командаға жастар келгенде мен олардан бірден нәтиже көрсетіп, жаттығуда тынбай еңбектенулерін талап етемін. Өйткені, уақыт оларды күтіп тұрмайды. Өзіңді көрсете алмасаң, сол күйі өспей қаласың. Юрий Логвиненко да аздап жарақат алып қалды да, алаңға тағы бір қорғаушыны шығару қажет болып, Постниковты қостым. Ал гол соғатын мүмкіндіктің әлі де болатынын сездім.

– Деспотовичтің енді қашан алаңға оралары белгісіз. Томасовты да келесі ойынға дейін клубқа қосылады деп сеніммен айта алмаймыз. Осы орайда, Ллулаку мен Жалмұқанды «Тобылға» жіберіп қойғаныңызға өкінбейсіз бе?

– Білесіздер ғой, трансферлік терезе 10 шілде күні жабылды. Ал біз соған дейін қажетті ойыншыларымызды тіркеп үлгеруіміз қажет болды. Марин Томасовты алып үлгереміз деп ойладық. Тағы бір шабуылшы алуды көздедік. Бірақ соңғы сәтте мақсатымызға жете алмадық. Ал командаға ойыншы алу үшін бізге бірінші өзіміздегі бірқатар футболшыларды басқа командаға жіберу керек. Өйткені, УЕФА-ның бізге қойған талабы сондай. Егер УЕФА бізге тиым салмағанда онда еш қамсыз команданы күшейтіп алар едік. Бірақ, амал жоқ, қолда бар ойыншылармен әрекет етуіміз керек. Дәл бүгінгідей ойнайтын болсақ, онда жеңіс келеді.

– Станимир, «Астана» әрдайым Чемпиондар лигасының дәл осы кезеңінде мықты қарсыластармен кезігіп жүр. «Марибор», «Селтик» БАТЭ сынды клубтармен ойнадық. Осылардың ішінде «Легияның» ойыны, әлеуеті қайсысына жақын?

– Меніңше, «Легияны» былтырғы «Селтикпен» салыстыруға келеді. Шотландиялықтардың деңгейіндей. Бұл өз пікірім.

– Сіздің пікіріңізше, бүгінгі ойында «Астана» сапында кім үздік болды?

– Ең үздік ойыншы – команда.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика