Бауыржан Сәрсекенов 1955 жылы 25 мамыр күні Атырау облысында дүниеге келген. 1981 жылы Алматыдағы Қазақтың дене шынықтыру және спорт институтын бітірген.
Футболшы ретінде «Труд» (Ақтау), «Нефтяник-Өзен» (Жаңаөзен), «Химик» (Степногорск), СКИФ (Алматы) командаларында өнер көрсеткен. Бапкерлік қызметке 1981 жылдан бастап ауысқан.
Батыс Қазақстан облысынан бастап, еліміздегі көптеген командаларды жаттықтырды. Олардың ішінде «Мұнайшы», «Намыс», «Ақжайық», «Қайрат», «Жетісу», «Ордабасы», «Каспий» секілді азулы клубтар да болды.
Еліміздің жасөпірімдер арасындағы құрамаларын (U-17 және U-19) жаттықтырды. Қазақстан футбол федерациясының құрама командалар департаментінде жұмыс жасады.
Ерен еңбегі ескеріліп, «Қазақстан футболының дамуына қосқан үлесі үшін» орденімен марапатталған. Елімізге танымал көптеген футболшыларды баптап шығарды. Кейінгі кезде Қытайда еңбек етіп жүрген болатын...
Біздің редакция да Бауыржан Сәрсекеновтың қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады. Жатқан жеріңіз жайлы, жаныңыз жәннатта болсын!