Вернуться к списку статей

«Астана» ұлттық құндылығымызды бүкіл әлемге насихаттайды

Футбол
2K
Киелі шаңырақ бейнесі –
«Астана» футбол клубы қазақтың киелі шаңырағы бейнеленген жейдемен отбасы және ұрпақ жалғастығының символы болып есептелетін ұлттық құндылығымызды бүкіл әлемге паш ете бастады.

Біраз уақыт болды, Украина және Беларусь құрамаларының жейделеріне қызыға қарап жүретінбіз. Олардың құрамалары соңғы кездері ұлттық нақыштағы өрнектері кестеленген жейдемен ойнай бастады. Мұны біздің кейбір жанкүйерлеріміз бірден байқап қалып, әлеуметтік желілерде бөлісіп жүрді. Сонда осы екі елдің футболшыларына ырза болатындар аз емес болып шықты.

Міне, енді, біздің де бір командамыз ұлттық құндылығымызды бүкіл әлемге паш ететін болды. «Астана» футбол клубы жейделеріне қазақтың киелі шағырағын салып алып, Чемпиондар лигасында атой сала бастады. Бірінші рет өткен аптада Латвияда осындай жейдемен өнер көрсетті.

Юрмалада жергілікті футбол мамандары мен жанкүйерлер «Астана» ойыншыларының жейделеріндегі шаңырақ бейнесін көріп қалып, Қазақстан чемпионы өкілдерінен «бұл не» деп, аңтарыла сұраған. Жапа-тармағай қызығушылық танытпаса да, жейдедегі суреттің не екенін білгісі келгендер аз болмаған.

«Астана» футбол клубының қызметкерлері және өкілдері оның киелі шаңырақ бейнесі екенін, киіз үйдің ең жоғарғы бөлігі екендігін түсіндіріп айтқан. Әрі оның Қазақстанның символына айналған, қазақ мәдениетінің дәстүрлі элементі болып есептелетіндігін де жеткізген.

Уықтардың ұшын біріктіріп тұратын күмбез тәріздес дөңгелек шаңырақтың үй, ошақ және ұрпақ жалғастығының символы екендігін де айтуымыз керек сияқты. «Астана» футбол клубының қызметкерлері мұны айтқан да болар. Бұл басы ғана деп білеміз. «Астана» енді басқа елдерге барғанда да шаңырақтың не екенін бәрі де білетін болады деп ойлаймыз.

Ал латыштар ырза болыпты. Қазақтың ұлттық құндылықтарын осылай паш ете бастағандарына сүйсінген, тәнті болған. Бастарын шайқап, риза болғандарын білдірген. Негізі, олар да ұлттық маңыздылықтар пен салт-дәстүрді жоғары бағалайтын ел ғой.

Жалпы, футбол клубының жейдесіне қандай да бір бейне немесе ою-өрнек салу үшін УЕФА-дан рұқсат алу керек екен. Ал оның бәрі бір күндік шаруа емес. Қағазбастылығы мен заң жүзіндегі рәсімдері көп. «Астана» соның бәрінен өткен. УЕФА-ның келісімін алған. Енді, міне ҰЛТТЫҚ КОМАНДА ретінде халықаралық аренада ел намысын қорғап жүр.

Кім біледі, бәлкім, Қазақстан футбол федерациясы да ұлттық құрамамыздың жейдесіне ою-өрнектерімізді қиюластырып салу құқығына ие болар. Солай болады деп сенеміз. Ал «Астанаға» тек жеңіс тілейміз. Еуропаның көптеген елдері мен қалаларына барып, ұлттық құндылығымзды, яғни киелі шаңырағымызды асқақтата берсе екен дейміз! 



 
Фотолар copa.com.ua, belta.by және ffu.org.ua сайттарынан алынды

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика