Вернуться к списку статей

«Тараз» екі гол соғып... «Ақтөбемен» тең түсті

Футбол
1K
«Тараз» – «Ақтөбе» – 1:1. Фото: fc-aktobe.kz
«Тараз» өз алаңында «Ақтөбемен» ойнап, екі гол соқса да, тең түсті. Өйткені бір голды қорғаушысы өз қақпасына соғып алды...

«Тараз» ХVІ турдан бері нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп келеді. Өз алаңында «Ертісті» жеңіп (2:0), одан кейін Оралда «Ақжайықпен» тең түсті (2:2). Көш басындағы «Астанадан» 0:1 есебімен ғана ұтылып, тайталасып бақты. Ал өткен турда Жайық жағасында «Атырауды» 3:1 есебімен тізе бүктірген.

Содан болар, бұл турда «Тараз» жанкүйерлері өз командасынан жеңіс күтті. Талгаевтың шәкірттері де ойын басталған бетте көсіле шауып, қонақтарының екі аяқтарын бір етікке (бутсыға) тықты. Жылдамдықтары аса жоғары болмаса да, қонақтарынан асып түсті.

«Тараз» тіпті бірінші таймның аяғында есеп ашып, алға шықты. Бірақ екінші таймда сол қарқындарын жоғалтып алды. «Ақтөбе» болса, шабуылды күшейтіп, қыспаққа ала түсті. Ойынның екінші жартысы басталғанда, «Тараз» қорғаушылары асып-сасып жүріп, өз қақпаларына гол соғып алды.

Бұдан кейін «Тараздың» бас бапкері Ваит Талгаев алғы шебін күшейту мақсатында алаңға Малик Мане мен Еркебұлан Сейідахметті шығарды. Бірақ тағы бір гол соғудың қисыны келмей қойды. Керісінше, бірнеше рет өз қақпаларына гол жіберіп ала жаздады.

«Ақтөбе» екінші таймда тәп-тәуір ойнады. Әсіресе қос қапталдан атойлап, алаң иелерін әбден састырды. Бірақ «Тараз» да қалыспады. Матч аяөқталғанда екі команда да тең ойынды қанағат тұтты. Ол да түсінікті. Көш соңындағы бәсекелестік мейілінше қыза түскен. Әрбір ұпайдың бағасы – зор.

«Тараз» – «Ақтөбе» – 1:1 (1:0)

Голдар: Миюшкович, 45+1 (1:0). Шадман, 50-өз қақпасына (1:1).

Ескертулер: Шестаков, 28. Қайыров, 45+1.

«Тараз»: Бабаханов, Әмірханов (к), Шипицин, Миюшкович, Шадманов, Горбанец, Диара, Фещук (Мане, 57), Зайнутдинов, Таубай (Қожамберді, 46), Морис (Сейідахмет, 76).

Қосалқы құрам: Логиновский, Эргашев, Байжанов, Хайруллин, Горячий, Воротников.

«Ақтөбе»: Сидельников (к), Қайыров, Айтбаев, Колчак, Фог-Поррье, Шестаков, Муарем, Валиуллин (Байтана, 88), Савич (Обрадович, 79), Нейн Еоне, Зенькович.

Қосалқы құрам: Отарбаев, Шимкович, Сәулет, Аслан, Кәкімов, Жұмағали, Жүнісов.

Төрешілер: Кәрлібаев (Орал), Павлов (Алматы), Конивец (Қарағанды).

15 шілде. Тараз, «Орталық» стадион. 3500 көрермен.


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика