«Тобыл» клубының бас бапкері болып Ресей маманы Роберт Евдокимов тағайындалды. Ол футболшы ретінде өз еліндегі «Рубин», «Крылья Советов», «Спартак», «Камаз», «Сатурн» секілді клубтарда ойнаған. Кейін «Алнас» (Альметовск) клубына ауысып, артынан бапкерлік қызметке ойысқан.
Одан кейін «СОЮЗ-Газпром», «Ижевск», «Камаз» және «Оренбург» командаларын жаттықтырған. Соңғысы былтырға дейін «Газовик» деп аталған. Евдокимов осы клубпен Ресей премьер-лигасына шыққан. Бірақ қайтадан Ұлттық, яғни бірінші лигаларына түсіп қалды.
Сонымен қатар, бүгін кешке «Тобылдың» жаңа спорттық директорының есімі белгілі болды. Ол – қазақ футболына кеңінен танымал, бұрынғы футболшымыз, Көкшетау тумасы Владимир Нидергаус. Біздің елде «Шахтер» (Қарағанды) және «Локомотив» (Астана) клубтарында басшылық қызметте ысылған.
Естеріңізге сала кетейік, «Тобыл» өткен аптаның басында бас бапкері Омари Тетрадзені, директоры Талғат Баймұратовты, директордың қаржы мәселесі жөніндегі орынбасары Талғат Қосмұхамбетовті және спорттық директоры Константин Гальченконы қызметтерінен босатқан болатын. Әрі сол күні-ақ директоры Николай Панин болып бекітілгендігін жариялаған-ды.