Вернуться к списку статей

“Лимон” – Лағынет – Лажсыздық – Логвиненко...

Футбол
2K
«Ақтөбе» – «Астана» матчынан... Фото: fanatik.kz
«Ақтөбе» – «Астана» арасындағы матчта қорғаушы Юрий Логвиненко ыңғайсыз жағдайға тап болды...

Сүйектен өтер суық сөздер...

Өткен жексенбіде, яғни 18 маусым күні «Ақтөбе» өз алаңында ел чемпионы «Астананы» қабылдады. Бұл Қазақстан премьер-лигасының ХVІ туры аясындағы матч болатын. Осы ойында ақтөбелік жанкүйерлер «Юра, қанша лимон жетеді» деген плакатты керіп ұстады (суретте).

Бұл осы «Ақтөбе» клубынан түлеп ұшқан қорғаушыға арналған, сүйектен өтер сөздер еді. Ал Юрий Логвиненко болса, бұл ойынға мүлде шыққан жоқ. Шықпағаны дұрыс болған сияқты. Алаңға шықса, не болары белгісіз. Жергілікті жанкүйерлер Дидар Жалмұқанның өзін “құшақ жая” қарсы алмай, улап-шулап кетті...

Дауларды шешу палатасы мен Азаматтық сот

Логвиненконың басындағы жағдайға келер болсақ, оның тамыры – тым тереңде. Ол 2015 жылдан бері өзі түлеп ұшқан клубтан берешегін ала алмай жүр. Содан Қазақстан футбол федерациясының Дауларды шешу жөніндегі палатасына шағымданған. Бұл – ҚФФ-ның заңды органы.

ҚФФ Дауларды шешу жөніндегі палатасы футболшының өтінішін (шағымын) қарап, «Ақтөбе» футбол клубына қатысты шара қолданған. Басында берешегін өтеуге уақыт береді (2017 жылдың 30 сәуіріне дейін). Бірақ футболшыдан бұл шешім орындалмағаны және берешегі өтелмегені жөнінде тағы да шағым түседі.

Содан кейін барып, ҚФФ Дауларды шешу жөніндегі палатасы тағы да шешім шығарып, «Ақтөбе» клубына жаңа футболшылар тіркеуге тыйым салады. Негізі, мұндай шағым жалғыз Логвиненкодан емес, Алексей Щеткиннен де түскен. Ал дәл қазір бұл клубтан еңбек ақыларын толық ала алмай жүрген футболшылар саны – 10.

Бәрі де дұрыс қой. Бірақ бұл шектеу (тыйым салу) жазғы трансфер кезеңіне тап келген... «Ақтөбе» бас бапкерін ауыстырып, енді құрамын екшеп, команда сапын жаңа футболшылармен толықтыруға кіріскенде, төбеден жай түскендей, әлгі шектеу шығады. Енді қайтпек?

Әрине, тығырықтан шығудың жолдарын іздеу керек. Дұрыс па, бұрыс па, төрелік айтатын біз емес, «Ақтөбе» клубы Азаматтық сотқа шағымданады. Сөйтіп, Ақтөбе сотының шешімімен ҚФФ Дауларды шешу жөніндегі палатасының шектеуі тоқтатылады...

Бас бапкер дұрыс айтады

Айтпақшы, «Ақтөбе» мен «Астана» ойынынан кейін Владимир Мухановқа Дидар Жалмұқанды жергілікті жанкүйерлердің “жылы шыраймен” қарсы алмағандығына қалай қарайтындығы турасында сұрақ қойылыпты. Сонда білікті маман:

Дидар командадан өз еркімен кеткен жоқ. Менің білуімше, ол – патриот, өз қаласы мен командасын жақсы көреді. Кетуіне кім кәнлі, оны мен жайып салғым келмейді. Бірақ мен уақыт өте ол командаға қайтып келеді деп ойлаймын. Командада кім болды, бәрі де қайтып келеді деп ойлаймын. Юра Логвиненко да оралады. Өз командалары үшін барлық күш-жігерлерін салып, жанын бергендердің бәрі де ерте ме, кеш пе, қайтып келеді, әлі. Сол үшін мен бәрін де жасаймын.

«Ақтөбенің» бас бапкері дұрыс айтады. Қаса сұңқар түлеп ұшқан ұясына міндетті түрде қайта оралады. Сондықтан мақтан тұтуға тұрарлық футболшыларымыздың жүректеріне жара салмаған дұрыс сияқты. Дау-дамайды құзырлы органдар шеше жатар. Тек асығыс шешім қабылдамайық.

Жоғарыда айтылған плакат, ондағы сүйектен өтер сөздер «Ақтөбе» жанкүйерлерінің өз ой-пікірлері ме, әлде басқа біреулердің ынта-ықыласымен жазылды ма, біз оны білмейміз. Тек осы бір келеңсіз жағдайды ушықтыра түсудің қажеті жоқ сияқты.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика