Вернуться к списку статей

Атыңнан айналайын Кабананга, қазақтың атын жайдың бар ғаламға

Футбол
3K
Конго мен қазақтың Кабанангасы... Фото: fourfourtwo.com
Конго Демократиялық Республикасының шабуылшысы Джуниор Кабананга Африка кубогы додасында бір гол соғып, қазақ елінің атын шар-тарапқа шарықтатты.

«Астана» клубы шабуылшысының Африка кубогында өткізгені – әзірше бір-ақ ойын. Марокко құрамасымен өткен ойындағы жалғы голды соғып, өз елінің ұлтық құрамасына жеңіс әперді. Оны біз кеше жаздық.

Сол ойынның өткеніне бір тәуліктен астам уақыт өтті. Әйтсе де, кешелі бері Кабананганың осы голы әлемдегі көптеген басылымдарға әжептәуір «жыр» болды. Бәрі де оның Қазақстан чемпионатында ойнайтынын, «Астана» футбол клубының намысын қорғайтындығын жарыса жазып жатыр.

Арысы Конго Демократиялық Республикасы, берісі Қазақстан, сонау КАФ-тан (Африка футболы конфедерациясынан) “төрдегі” ФИФА-ға дейін, іргедегі Ресейден шалғайдағы Еуропа басылымдарына шейін, бәрі-бәрі Кабананганың қысталаң сәтте қас шеберлікпен соққан голын саралап-сипатап тауыса алара емес.

Ресейлік басылымдардың қайсыбіреуі тіпті өздерінің премьер-лигасындағы клубтарға осы футболшыға назар аударуды ұсынған. Енді ше, кешелі-бері Кабананга қазақ елі мен клубының атын шығарып тұр. Кім қызықпайды...

Британиядағы беделді Daily Mail басылымынан бастап, Еуропа мен Африкадағы ақпарат құралдары Кабананганы бөле-жара атап өтіп, тіпті Конго ДР – Марокко матчының үздік ойыншысы деп танып, егжей-тегжей талқылап та жатыр.

Кабананга өз елінің ұлттық құрамасына қалай алынды, қай клубтарда өнер көрсетті, «Астанаға» қашан келді, Түркиядан қай уақытта қайтып келді, Қазақстан чемпионатында неше ойын өткізді, қанша гол соқты... Бәрі-бәрі бар.


Фото: guardian.ng

Кабананга Францияның jeuneafrique.com басылымына берген сұхбатында:

Шынымен де, бұл ойында Марокко жігіттері жақсы ойнады. Айылдарын жимай шабуылдап, қыспаққа алды. Біз көсіле шаба алмасақ та, тиімді ойын үлгісін көрсеттік. Мен өте маңызды гол соққаныма қуаныштымын. Осы жеңісіміздің арқасында біз құраманың өз тобымызда көш бастадық. Бұл жеңіс біздің өзімізге деген сенімділігімізді арттыра түседі, – деп ағынан жарылыпты.   

Ал біздің «Рахмет саған, Кабананга» дегіміз келеді. 20 қаңтар күні Кот-д'Ивуар құрамасының қақпасына да гол соғуыңа тілектеспіз. Онда мүлде оның аты шарықтап, бағасы өсе түсер еді. Өз кезегінде, бұл қазақ додасы үшін тамаша жарнама болып тұр. 

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика