Сондай-ақ, ертең ел чемпионаты аясындағы «Қайсар» – «Ордабасы» ойынында да алаңға шықпауы мүмкін. Міне, осы жағдай жанкүйерлерді алаңдатып, бізге хабарласып жатыр. Cебебін капитанның өзінен сұрадық..
– Ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындары кезінде Талғарда жарақат алдым. Сол күндері өзі күн жауынды болып кетті ғой. Жасанды төсеніште доп теуіп жүріп, Қазақстан жастар құрамасымен жолдастық кездесуге табиғи шөпке шыққан едік, оң аяғымның сіңірін жыртып алдым. Соған байланысты Данияға қарсы алаңға шыға алған жоқпын, - деді Мақсаттың өзі.
– Енді жарақатыңызды қалай емдетіп жатырсыз?
– Барлығы жақсы. «Қайсардың» дәрігері аяғымнан тік тұрғызу үшін бар күшін салып жатыр. Одан бөлек, Сербияға екі күнге барып қайттым. Ол жақтың спорттық медицинасы жақсы дамыған ғой. Бар «сиқырларын» жасады. Өзімді қазір жақсы сезінемін. Енді аяғыңның жарақаты ешқашан мазаламайды деді ғой. Бүгін кешкісін команданың жаттығуы бар. Қаншалықты жазылғанымды сол кезде көрермін.
– Ертең «Қайсар» Қызылордада «Ордабасыны» қабылдайды. Командаңызға көмектесе аласыз ба?
– Бапкерлер алаңға шығасың деп жатыр. Дегенмен, толық жазылып алғым келіп тұр. Асқынтып алсам тіптен қиын болып кете ме деп қорқамын. Бәрі бүгінгі жаттығудан кейін белгілі болады ғой. Ал «Ордабасыны» қалайда жеңуге тырысамыз. Бірінші айналымда жіберген есемізді қайтаруымыз керек.