Вернуться к списку статей

Гранаткин мемориалы – Қазақстан қырандары жартылай финалда!

Футбол
2K
Қазақстан бозбалалары Гранаткин мемориалының жартылай финалына шықты. Фото: granatkin.com
Сүйінші! Қазақстан бозбалалары тұңғыш рет ХХІХ "Гранаткин мемориалы" халықаралық турнирінің жартылай финалына шықты. Ширек финалда Словения жеткіншектерін тізе бүктірді.

Ойын өте тартысты өтті. Александр Кузнецовтің шәкірттері тағы да қорғанысты мұқият ойнап, қарсы шабуылдарға иек артты. Алда – әдеттегідей, жалғыз Еркебұлан Сейдахмет.

Әрі ойын басталған бетте гол соғып, Словения жеткіншектерін сең соққандай күйге түсірді. Мұхит Жақсылық оң қапталмен алға ентелеп, қарсыластарының қорғанысын бұзып-жарып, допты қақпаға қарай асырды. Ал Жанәлі Пайруз қақпашының екі қолының ортасынан допты басымен қағып жіберіп, тор ішінде тулатты.

Бұдан кейін біздің футболшылар доп жіберіп алмауға тырысып, қорғаныста өте сақ ойнады. Тізе қоса қимылдап, Словения жеткіншектерінің бірнеше шабуылдарын тойтарды.

Қақпашы Даниил Устименконы да айрықша атап өтуіміз керек. Ол Словения жеткіншектерінің бірнеше қауіпті соққыларына тосқауыл бола білді. Қағып та алды, кері тойтарып та отырды.

Ең бастысы, қарсы шабуылдарымен еуропалықтардың қорғанысын піспектеп, тайлы-таяғымен алға қарай лап қоюларына мүмкіндік берген жоқ. Олардың қорғаушылары ұстараның жүзіндей лыпылдаған біздің футболшыларымыздан көз жазып қалмауға тырысып, шабуылшыларына көп көмек көрсете алмады...

Екінші таймда, өте жылдам ұйымдастырған осындай қарсы шабуылдарымыздың бірінде Словения қорғаушысы айып алаңына еніп бара жатқан біздің ойыншымызды іліп қалғандай болды...

Төреші сенімді түрде 11-метрлік айып соққысы орындалатын нүктені нұсқады. Ал пенальтиді осы матчқа капитандық таспамен шыққан Айдос Орал мүлтіксіз орындады. Есеп – 2:0.

Бұдан кейін Словения таланттары қарқындарын үдетіп, шабуылға көшті. Соңғы секундарға дейін тізгіндерін тартпай, айылдарын жимай алға ентелеумен болды.

Бірақ біздің қорғаушыларымыз да, қақпашымыз да бұл ойында ешқандай да өрескел қателік жіберген жоқ. Жеңісті уыстарынан шығарған жоқ. Сөйтіп, осы турнирдің тарихында тұңғыш рет жартылай финалға шықты! Жартылай финалда Грекия бозбалаларымен кездеседі (18 қаңтарда).



Қазақстан U-19 – Словения U-19 – 2:0

Голдар: Пайруз, 2. Орал, 61-пенальтиден.

Қазақстан U-19: Устименко, Аманжол, Батырханов, Кузнецов, Күсепов, Жақсылық (Скворцов, 64), Кан, Орал, Пайруз (Астанов, 57), Сүйінов (Әйтім, 50; Тұзақбаев, 64), Сейідахмет.

Словения U-19: Видовшек, Горенц, Залетел, Крезу (Шпанья, 33), Паламар (Эржен, 69), Ходжич, Гнензда, Ковачич, Хорват (Соклер, 65), Рогель, Цепар.

Төрешілер: Аношин, Матвеев, Ганджаев, Стрельцов (бәрі де – Ресей)

16 қаңтар 2017 жыл, Санкт-Петербург, 300 жанкүйер 

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика