Қазақстан премьер-лигасы Еуропадағы егде лигалардың бірі болып шықты. УЕФА сараптамасына сүйенсек, футболшыларымыздың орташа жасы – 26,4. Ал УЕФА құрамындағы ең “қарт” лигалар – Ресей премьер-лигасы мен Түркия суперлигасы (27,1). Әлемдегі ең “кәрі” лигалар Азияда екен (Таиланд – 27,5 жас; Филиппин – 27,3 және Катар – 27,2).
Еуропаның кейбір лигаларындағы футболшылардың орташа жасы:
Түркия және Ресей – 27,1
Англия, Испания және Италия – 26,9
Қазақстан және Беларусь – 26,4
Румыния – 26,1
Франция және Кипр – 26,0
Украина және Португалия – 25,7
Германия – 25,4
Әзірбайжан – 25,3
...Босния және Герцеговина – 24,9
Қаратау (Црна Гора) – 24,7
Сербия және Словакия – 24,6
Словения – 24,5
Австрия – 24,3
Македония – 24,2
...Нидерланды, Хорватия, Армения – 23,8
...Латвия – 23,6
Бұл жерде біз УЕФА құрамындағы елдердің бәрінің ұлттық лигаларын тізіп шыққан жоқпыз. Негізі, оны жоғарыдағы суреттен (сұлбадан) қарап шығуға болады. Алайда егде және ең жас лигаларды көрсетуге тырыстық.
Сондай-ақ бұрынғы Югославия елдерін тізбектеп шығуымыздың өзіндік себебі де бар. Себебі УЕФА өз сараптамасында Нидерланды мен Балқан түбегі елдерін “таланттар экспорттаушы елдер” деп атапты.
Бұл елдердің ұлттық чемпионаттарында негізінен жас футболшылар ойнайды. Мәселен, Нидерланды эредивизиінің орташа жасы – 23,8. Яғни бұл елдің футболшылары бұғанасы бекіп, буындары қатайған соң Еуропаның азулы немесе қалталы клубтарына ауысып кетеді.
Енді бір көңіл аударалық жәйт, УЕФА өз сараптамасында чемпионаттарының деңгейі оншақты елдің екі лигасын да саралап-талдап шыққан. Сонда бірінші (ең жоғарғы) лигаларына қарағанда, екінші топтарындағы футболшылар сәл-пәл жасаң болып шыққан. Орта есеппен әр футболшы – 0,8 жасқа.