Төртінші турдың қарсаңында «Астана Арена» стадионының жасанды желегі ауыстырылатын болып, аяқасты жабылған. Ал «Астана» үйдегі ойынын қайда өткізерін білмей, сергелдеңге түскен. Содан «Шахтер» клубына үйдегі ойындарын ауыстыру жөнінде ұсыныс жасаған болатын.
Сөйтіп екі клуб үйдегі ойындарын ауыстырған. Төртінші турда «Астана» Теміртауға барып, ал ХІV турда кеншілер клубы Астанаға келді. Биылғы маусымды сылбыр бастаған ел чемпионын өз алаңында ұта алмаған «Шахтер» бүгін мүлде төтеп бере алмай қалды.
Соңғы турларда екпін алған «Астана» өз алаңында «Шахтерді» тас-талқан қылды. Бірінші таймда үш гол соқты. Кемі тағы да үш гол соғатын мүмкіндігі болды. Бір Роман Муртазаевтың өзі тамаша екі мүмкіндікті мүлт жіберіп, тіпті пенальтиден де гол соға алмады.
Екінші таймда «Астана» тізгін тартып, қарқынын баяулатып алды. «Шахтер» соны пайдаланып, қарсы шабуылдар ұйымдастырып отырды. Соның бірінде есепті қысқартудың сәті түсті. Бірақ «Астана» бірден жауап қатып, тағы бір гол соқты.
Екінші таймда да «Астананың» гол соғатын бірнеше мүмкіндіктері болды. Бірақ Станимир Стойловтың шәкірттері ірі есеппен жеңіп жатқандықтан, біраз еркінсіп, негізінен әртүрлі шешімдер қабылдаумен болды. Мәселен, әрқайсысы өздері қақпаны нысанаға алып көрді.
Ойынның бірінші жартысында Шомко – Кабананга жұбы тамаша екі гол соқты. Команда капитанының сол қанатан көлбеу берген пасын Конго шабуылшысы әуелі басымен, содан кейін аяғымен қақпаға дөп түсірді. Бір ғана қимылымен қонақтардың қақпашысы мен қорғаушыларын қапы қалдырды.
Одан кейін Кабананганың өзі сол қанаттан атойлап, алға ентелеп, допты Серікжан Мұжықовтың аяғына салып берді. Мұжықов баз-біреулер сияқты мүлт кеткен жоқ. Пәрменді соққысымен қақпа торын бүлк еткізді. Төртінші голды тағдырдың өзі «Астана» шабуылшысына тарту еткендей болды.
Допты бұрыштан Твумаси ойынға қосып, әуелеп ұшқан допты Постников басымен қақпаға бағыттаған. «Шахтердің» қорғаушысы жанталасып, оны басымен қайтарды. Бірақ теңбіл доп Кабананганың аяғына тиіп, қақпаға кіріп кетті...
Сөйтіп, «Астана» өз алаңында «Шахтерді» тізе бүктіріп, 10-ыншы жеңісіне қол жеткізді. 33 ұпаймен әлі бірінші орында тұр. Әзірше басты бәсекелестеріне ұпай айырмасын қысқартуға мүмкіндік берер емес. Енді Алматыға барады...
«Астана» – «Шахтёр» – 4:1 (3:0)
Голдар: Кабананга, 10 (1:0). Кабананга, 19 (2:0). Мұжықов, 24 (3:0). Тәттібаев, 52 (3:1). Кабананга, 56 (4:1).
Ескертулер: Кадио, 29. Шитов, 50. Сзоке, 62.
«Астана»: Мокин, Бейсебеков, Постников, Логвиненко, Шомко (к), Маевский (Шитов, 46), Граховац, Мұжықов, Муртазаев (Ллуллаку,57), Твумаси (Жалмұқан, 75), Кабананга.
Қосалқы құрам: Эрич, Жақыпбаев, Наджарян, Прокопенко, Сағынаев, Жүнісов.
«Шахтёр»: Шацкий, Габышев, Скорых (к), Кадио, Айегбуси, Сзоке (Шахметов, 70), Зошак, Станоевич, Стоянович (Аллегриа, 79), Хайруллин (Тәттібаев, 38), Тәжімбетов.
Қосалқы құрам: Багинский, Өміртаев, Путинцев, Васильев, Тарасов, Әлімбаев
Төрешілер: Сахи (Қызылорда), Панин (Қостанай), Полуэктов (Тараз)
Қосалқы төреші: Ғалымжан Кенжалинов (Астана).
28 мамыр. Астана, «Астана Арена» стадионы. 7 000 көрермен