Виктор Пасулько қандай команданы қабылдап алғанын бүгін іс жүзінде көріп, көз жеткізді. Бірінші таймда қонақтарына қайрат көрсете алмады. «Ордабасы» болса, ойранды салып, екі гол соқты.
Таңат Нөсербаев екі қорғаушының ортасынна сытылып шығып, Бочаровтың оң қанаттан көлбеу тепкен добын басымен қақпаға дөп түсірді. Көп ұзамай, Еркебұлан Тұңғышбаев өзіне Таңат лезде қайтарып бере қойған допты алыстан шірене тартып, қақпа торын бүлк еткізді...
Бірінші таймда «Ордабасы» басымдық танытып, «Оқжетпестің» ойынын үйлеспей қойды. Ал екінші таймда Көкше клубы қарқынын үдетті. Үзіліс кезінде Виктор Пасулько сілкілеп алған ба, ширақ қимылдай бастады. Әйтсе де, «Ордабасы» клубының шабуылдары қауіпті болды.
Оңтүстік Қазақстан облысы командасының ойыншылары екі рет Көкше қақпашысымен бетпе-бет шығып, екеуінде де Стаменковичтен айлаларын асыра алмады. Басқа да тамаша мүмкіндіктері болды. Бірақ үшінші голды соғудың сәті түспей-ақ қойды.
Ал ойын аяғында «Оқжетпес» қонақтарын қыспаққа алып, шабуылды үдетті. Тың шабуылшыларын шығарып, алға ентелеумен болды. «Ордабасы» ойыншылары титықтап қалып, жеңісті есепті уыстарынан шығарып алмауды ғана ойлады. Матч соңында Көкше клубы бір гол соғып, есепті қысқартты. Одан әріге уақыт та, шамалары да жетпеді.
«Оқжетпес» – «Ордабасы» – 1:2 (0:2)
Голдар: Нөсербаев, 20 (0:1). Тұңғышбаев, 38 (0:2). Генков, 89 (1:2).
Ескертулер: Недашковский, 18. Марочки, 60. Хорват, 88.
«Оқжетпес»: Стаменкович (к), Недашковский, Марочкин, Волков, Юрин, Нейн Еоне, Хорват, Федин, Досмағамбетов, Струков (Козлов, 65), Шафф (Генков, 58).
Қосалқы құрам: Абжанов, Аяғанов, Дайыров, Нұрғалиев, Кейлер, Әбілғазы.
«Ордабасы»: Нұрмұхаметов, Симчевич, Фонтанелло, Смақов, Диакате, Ковальчук (Бейсенов, 86), Гогуа (Гейнрих, 71), Тұңғышбаев (Әшірбеков, 78), Бочаров, Нұрғалиев (к), Нөсербаев.
Қосалқы құрам: Бекбаев, Абдулин, Адырбеков, Мұхтаров, Жұмаханов, Бөлешев.
Төрешілер: Тевяшов (Орал), Калачёв (Атырау), Дерцапф (Орал).
28 мамыр. Астана, «Астана Арена» стадионы. 700 көрермен